
Жаңа оқу жылына бір айдай уақыт қалды, алайда Талдықөлде мектеп формасы мен оқулықтар емес, басқа мәселе қызу талқыланып жатыр. Ауыл тұрғындары кеміргіштер жайлаған мектепке балаларын оқытуға наразы. Оның үстіне мектепке күрделі жөндеуге қаржы бөліне тұра биыл игерілмей қалған.
Махамбет ауданы Талдыкөл ауылындағы үш қатарлы мектеп 625 оқушыға есептелген. Бұл мектеп 2010 жылы пайдалануға берілген. Он алты жылда күрделі жөндеуден өтпеген мектептің шатырынан су кетіп, едені түсіп, кәріз, жылу жүйелері ескіріп тозған.
Оның үстіне 2024 жылы су тасқыны кезінде мектеп су ортасында қалған. Ол аздай, өткен жылы ауылды тышқан жайлап, ол мектепке де жеткен. Ақырында оқушыларды оқытуға шамасы келмегендіктен білім бөлімі амалсыздан екі ай онлайн оқытты. Ал мектепке дезинфекция жүргізілген.
Бірақ, тұрғындардың айтуынша, одан мәселе шешілмеген.
- Мектеп ішінде тышқан иісі әлі бар. Өткен жылы өлген тышқандардың өлекселері жертөледе қалып, енді шіріп жатыр. Оның үстіне жылан да шығып қорқыныш туғызып тұр. Осындай антисанитариялық жағдайдағы мектепке балаларымызды қалай жібереміз. Жауынды-шашынды күндері үшінші қабаттың шатырынан аққан су тамшылап, партаға дейін жетеді. Қыста салқын болады, ондайда спортзалды жауып тастайды. Биылғы оқу жылына мектеп дайын емес, ал бірер айдан кейін сабақ басталады. Ал қазір жеңіл-желпі жөндеу жүргізіп, балаларды оқытпақшы, - дейді ауыл тұрғындары Ақкенже Саташева, Жұмагүл Сұлтанова.
Расында ағымдағы жеңіл жөндеу жұмысына 1 млн 700 мың теңге бөлініп, әктеп, едендеріндегі кафелдерді жөнге келтірмекші. Бірақ жеңіл-желпі бұл жөндеу жұмысына ауыл тұрғындары наразы.
Биыл мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін демеушілікпен сметалық құжаты жасақталып, сараптамадан өтіп, 811 млн теңге бөлінетін болған еді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышеваның мәлімдеуінше 2026 жылғы реновациямен осы қажетті қаржының 80 пайызы бөлініп, аудан бюджетіндегі шотта 649 млн 444 мың теңге тұрған көрінеді. Білім бөлімі наурыз айында мердігерді анықтамақ болып, мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жариялау үшін құжаттары бергенімен рұқсат етілмегенін айтты. Қаржы бөлініп тұр, бірақ жұмыс процесі тоқтап қалған.
Талдыкөл орта мектебіне байланысты шу шыққаннан түстен кейін барған облыстық білім басқармасының бастығы Марат Әбуов өзі барып жағдаймен танысып, иістің барын жоққа шығарып, мынандай мәлімет берді:
- Талдыкөл орта мектебіне 2026-2027 жаңа оқу жылына дайындық аясында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу барысында мектеп іші, оқу кабинеттері толықтай ретке келтіріледі. Жөндеу оқу жылы басталғанға дейін толық аяқталады. Нәтижесінде мектепте білім беру процесін ұйымдастыруға ешқандай кедергі туындамайды. Оқушылардың қауіпсіз, әрі қолайлы ортада білім алуына мүмкіндік беріледі, - деді ол.
Бұдан әрі Әбуов мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүрмегенін бюжет қаржысының тапшылығымен байланыстырды. Ал Талдыкөл ауылы тұрғындары мектептің күрделі жөндеуден өтуін қайта-қайта талап етуде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +31