
Атырау қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, жаңадан салынған көпфункционалды ойын алаңдары Вокзал маңы-3а ықшам ауданында орналасқан №15а, №16а, №17а, №18а, №19а, №20а, №21а, №22а және №52а көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында ашылды.
Жаңа алаңдарда Қазақстанда өндірілген, жоғары сапалы әрі вандализмге төзімді материалдардан жасалған ойын жабдықтары орнатылған.
Қала әкімі Шәкір Кейкин жаңа ойын алаңдарын аралап, балаларға жасалған жағдаймен танысты.
Оның айтуынша, мұндай нысандар балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен шұғылдануына және таза ауада белсенді қимылдауына мүмкіндік береді.
"Бұл алаңдар ең алдымен тұрғындардың игілігі үшін салынды. Сондықтан олардың ұзақ уақыт бойы сақталуы тек жауапты мекемелердің жұмысына ғана емес, тұрғындардың өздеріне де байланысты. Ойын және спорт алаңдарын ұқыпты пайдалану, тазалықты сақтау, орнатылған жабдықтарға жауапкершілікпен қарау – баршаға ортақ міндет", - деді Шәкір Кейкин.
Қала басшысы балаларға арналған ойын жабдықтарын мақсатсыз пайдалануға, ересектердің құрылғыларға отыруына және нысандарға зақым келтіруге жол бермеу үшін тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет деп тапсырма берді.
Жаңа алаңдарда асыр сала ойнап, шат-шадыман күйге бөленген бүлдіршіндерге тәттілер ұсынылып, доптар сыйға тартылды.
Айта кетейік, аталған жұмыстар Сарыарқа ықшам ауданындағы №33 көпқабатты тұрғын үйдің аумағында және Ғизат Әліпов көшесіндегі №2, №2а және №42а үйлердің аулаларында, сондай-ақ, қалаға қарасты ауылдық округтерде де қарқынды жүргізіліп жатыр.
В Атырау +23.3