
Теңіз кен орнында кеңейтудің ең ірі кезеңі аяқталып, «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) жобалық өндірістік қуатына шықты. Тәуліктік мұнай өндіру көлемі шамамен 120 мың тоннаға жетті. Ал 2026 жылдың қорытындысы бойынша компания 40 млн тоннаға дейін мұнай өндіруді жоспарлап отыр.
Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай өндірудің қазіргі деңгейімен танысып шықты.
ТШО жобасы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі саналады. Кеңейту жобасы аясында 2024–2025 жылдары жаңа өндірістік нысандар пайдалануға берілді. 2025 жылғы қаңтарда Үшінші буын зауытында алғашқы мұнай өндірілді. Қазір кеңейту жұмыстары толық аяқталып, жаңа өндірістік қуаттар жоспарланған деңгейге шықты.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ТШО 16,6 млн тонна мұнай өндірді. Жыл қорытындысы бойынша компания өндіріс көлемін 40 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Энергетика министрі өндірістік кешеннің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және жыл соңына дейін қажетті өндіріс қарқынын сақтау маңызды екенін атап өтті.
«Теңіз – Қазақстанның мұнай-газ саласындағы негізгі жобалардың бірі. Жаңа өндірістік қуаттар жобалық деңгейге шықты. Ендігі міндет – бүкіл өндірістік кешеннің тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету. Біз ТШО-дан жыл соңына дейінгі кезеңге арналған, мәлімделген мұнай өндіру көлеміне қол жеткізу бойынша нақты іс-шараларды қамтитын айқын жоспар күтеміз», – деді Ерлан Ақкенженов.
Өз кезегінде ТШО Бас директоры Билли Лакоби компания үшін негізгі басымдық Қазақстан Республикасының игілігі үшін қауіпсіз әрі сенімді өндірісті қамтамасыз ету болып қала беретінін атап өтті. Өндірістік нысандардың сенімділігі мен технологиялық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында қазақстандық қамтуды дамыту және жоба қызметін қамтамасыз етуге отандық өнім берушілердің қатысуын кеңейту мәселелері қаралды. ТШО-ның мұнай өндіру көлемі, өндірістік көрсеткіштері және нысандарының сенімді жұмысы Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында.
В Атырау +34