Атырау, 21 шілде 19:42
 дождьВ Атырау +34
$ 470.28
€ 537.53
₽ 5.99

Трамп Канададан келетін тауарларға 50% баж салығын енгізді

128 рет қаралды

АҚШ президенті Дональд Трамп Канададан импортталатын бірқатар тауарларға 50 пайыздық қосымша баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды BBC. Бұл шешімнің себебін ол «американдық тауарларға әділетсіз көзқарас» деп түсіндірді.

Құжатта: «Канада кейбір елдермен саудада АҚШ-қа қарағанда жеңілдік жасап, шектеулерді негізсіз және теңсіз түрде қолданады», — делінген.

Трамп бұған дейін Канада америкалық сүт өнімдеріне ұзақ жылдар бойы тым жоғары тарифтер енгізіп келгенін сынға алған еді.

Жаңа баж салығы 19 тамыздан бастап күшіне енеді. Бұл АҚШ пен Канаданың арасындағы сауда шиеленісін едәуір күшейтетін қадам ретінде бағалануда. Ақ үйдің мәлімдеуінше, тарифтер америкалық бизнесті қорғау үшін қажет.

Қандай тауарларға әсер етеді?

Баж салығы күнделікті тұтынатын өнімдерден бастап (шарап, хоккей таяқшалары) өнеркәсіптік тауарларға дейін (цемент) қолданылады. Бірақ энергия тасымалдаушылар, калий тыңайтқыштары, стратегиялық минералдар және балық секілді негізгі экспорттық тауарларға салынбайды.

АҚШ бұған дейін де канадалық болат, алюминий және мысқа 15%-дан 50%-ға дейінгі тарифтерді сақтап келген. Сонымен қатар, канадалық ағашқа 35%, америкалық емес автокөлік бөлшектеріне 25% баж салығы бар.

Канада өз кезегінде АҚШ-тан келетін кейбір тауарларға (болат, алюминий, автокөліктер) 25% өтемдік баж салығын енгізген.

Бұл шешім Трамптың канадалық орман өрттерінен шыққан түтін АҚШ қалаларын басып қалған соң санкция енгіземін деген ескертуінен кейін қабылданды. Дегенмен, қол қойылған жарлықтарда өрт туралы ештеңе айтылмаған.

Жарлықтарда америкалық автокөліктер, сүт өнімдері және алкогольге қатысты сауда даулары көрсетілген. Трамп Канада америкалық көліктер мен бөлшектерге салық енгізіп, USMCA келісімі аясында басқа елдерге мұндай талап қоймайтынын «дискриминация» деп атады.

Сүт өнімдері бойынша Канададағы импортты реттеу жүйесі АҚШ үшін бұрыннан проблема болып келген. Белгіленген лимиттен асқан тауарларға 300%-дан жоғары баж салығы салынады.

Ал америкалық алкогольді бойкоттау мәселесі соңғы бір жылда Вашингтон үшін үлкен қиындыққа айналды. Канадалық провинциялар бұл бойкот АҚШ өз тарифтерін алып тастаған жағдайда ғана тоқтайтынын мәлімдеген.

Қазіргі таңда екі ел арасындағы сауда келіссөздері жүріп жатыр, бірақ жағдай жақсарардың орнына күрделене түсуде.

Бүгін, 14:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.