
Ливия Қытайдың төлем жүйесіне қосылып, доллардан тәуелділікті азайтуға қадам жасады, деп хабарлады Евронью́с.
Ливияның Орталық банкі мен Қытай Халық банкі ливиялық коммерциялық банктерді Қытайдың төлем және есеп айырысу жүйесіне қосу туралы келісімге келді.
Бұл шешім екі ел арасындағы қаржылық операцияларды жеңілдетіп, ливиялық банктерге юаньмен тікелей төлемдер жіберіп, қабылдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде халықаралық саудада доллардың рөлі төмендеп, Ливияның Азия қаржы арналарына қолжетімділігі кеңейеді.
Орталық банк басшысы Нажи Мұхаммед Иса Пекинде Қытай Халық банкінің төрағасы Пань Гуншэнмен кездесіп, сауда айналымын арттыру және экономикалық ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Кездесуде ливиялық банктерді Қытайдың трансшекаралық төлем жүйесі CIPS-ке қосу туралы келісім жасалды. Бұл жүйе қаржылық аударымдарды жылдам әрі ыңғайлы етуге бағытталған.
CIPS жүйесі деген не?
CIPS — Қытай Халық банкі 2015 жылы іске қосқан халықаралық есеп айырысу платформасы. Ол банктерге юаньмен төлемдерді тікелей жүргізуге мүмкіндік береді, долларлық арналарды айналып өтіп, юаньның жаһандық саудадағы үлесін арттыруға ықпал етеді.
Келісім аясында тараптар саудадағы кедергілерді жоюға, рәсімдерді жеңілдетуге және тікелей қаржылық аударымдарды іске қосуға уағдаласты. Бұл әсіресе кәсіпкерлер мен шағын бизнеске тиімді болмақ. Сонымен қатар, аккредитивтерді Қытай банктері арқылы тікелей ашу мүмкіндігі қарастырылды.
Жақын уақытта Ливияның ресми банктік делегациясы Пекинге барып, қытайлық қаржы институттарымен кездесіп, электронды төлемдер мен тікелей аударымдар тәжірибесін зерттемек.
Ливияның Орталық банкі бұл қадамдар елдің бейресми нарыққа тәуелділігін азайтып, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуге, қаржы секторына сенімді арттыруға және инвестиция тартуға көмектесетінін атап өтті.
В Атырау +33