Атырау, 21 шілде 18:15
 дождьВ Атырау +34
$ 470.28
€ 537.53
₽ 5.99

Атырау облысының жаңа әкімі ​инфрақұрылым проблемаларына назар аударды

Сурет
409 рет қаралды

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов өңірдегі ірі инфрақұрылым жобаларының іске асырылу барысын бақылап шықты.

Алдымен ол ұзындығы 16 шақырымдық «Ерік Мостовой» арнасына барып, жылдар бойы жүзеге аспай келе жатқан жаңғырту жобаларына назар аударды. Әкім жауапты органдарға қаржыландыру көздерін нақтылап, кешенді қайта жаңарту бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Кейін тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына барды. 1977 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан нысанда бүгінде 3 млн тоннадан астам қоқыс жиналған, күн сайын шамамен 350 тонна қалдық төгіледі. Әкім жаңа полигон құрылысының қуаттылығын арттыруды міндеттеп, қалдықтарды дер кезінде өңдеп, қайта пайдалануға мүмкіндік беретін жүйе құру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, кәріз тазарту құрылыстарының оң жағалау бөлігін қайта жаңарту жұмыстарының 80%-ы орындалғаны, жыл соңына дейін толық аяқталатыны хабарланды. «Квадрат» булану алаңында да тазарту жұмыстары жүріп жатыр: жоспарланған 1,7 млн текше метр лас шөгіндінің жартысынан астамы тазартылған. Болашақта тазартылған су техникалық қажеттіліктерге және көгалдандыруға пайдаланылмақ.

Әкім Жайық өзені арқылы өтетін көпірді қамтитын 27 шақырымдық солтүстік айналма жолдың құрылысымен танысты. Жаңа магистраль облыс орталығын айналып өтетін транзиттік қозғалысты қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта алғашқы екі кешенде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, ал үшінші кешенде (көпір құрылысы) құнның өсуіне байланысты кестеден кешігу бар. Бұдан бөлек, «Мұқыр – Құлсары» және «Махамбет – Хамит Ерғалиев» бағыттарында жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Болат Ақшолақов әлеуметтік маңызы бар жобалардың сапалы әрі уақытында аяқталуын жеке бақылауда ұстайтынын айтып, мердігерлерге жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Бүгін, 13:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.