
5 шілдеде өткен Домбыра күні мерекесінде қала орталығындағы «Сұлтан Бейбарыс» алаңында ерекше көрініс жасалды.
Жүздеген домбырашылар мен бишілер биіктен қарағанда қазақтың ұлы күйшіcі Дина Нұрпейісованың танымал бейнесін құрап, сап түзеді.
Қатысушылар өз орындарын дәл табуы үшін алаңдағы кеспе тастарға алдын ала белгілер мен болашақ композицияның контурларын сызған. Дәл осы дайындықтың арқасында ұйымдастырушылар әсерлі нәтижеге қол жеткізді – көрініс әлеуметтік желілерде кең таралып, тұрғындар тәнті болды.
Алайда кейін күтпеген мәселе туындады. Алаңдағы кеспе тастарға алдын ала сызылған портреттің контурлары әлі күнге дейін өшпей тұр. «Арнаулы автобаза» қызметкерлері суретті өшіруге әрекет жасағанымен, бояу кетпеген.
Бүгін алаңда әлі де Дина Нұрпейісованың портретінің сұлбасы анық көрініп тұр.
Бұл жағдай суреттің қалай салынғанына қатысты сұрақтар туындатты. Бұл суреттер өшірілмейтіндей қандай әдіспен сызылған? Арнайы бояулар немесе басқа материалдар пайдаланылды ма? Неге шарадан кейін оны толықтай өшіру мүмкін болмады?
Әкімдік әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Сондай-ақ кеспе тасты қандай әдіспен тазартатыны және оған қанша уақыт кететіні белгісіз.
Бұл хикая бастапқыда мәдени жоба ретінде басталғанымен, күтпеген жерден жалғасын тапты. Енді тұрғындар тек ауқымды флешмобты ғана емес, мерекеден кейін алаңда өшпей қалған Дина Нұрпейісованың портретін де қызу талқылап отыр. Ол қаладағы ең көп талқыланатын тақырыптарының біріне айналды.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +32.3