
Ресейдегі ең ірі мұнай-химия кешендерінің бірі — «Газпромнефтехим Салават» ұшқышсыз ұшақтардың (ҰҰА) шабуылынан кейін мұнай мен газ конденсатын өңдеуді тоқтатты.
Бұл туралы салалық екі дереккөзге сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады.
Агенттік мәліметінше, мұнай өңдеу жұмыстары 14 шілдеден бастап тоқтатылған. Бұған дейін Башқұртстан басшысы Радий Хабиров Салаваттағы мұнай-химия кешені аумағында ҰҰА соққысы салдарынан құбыр желілері мен кабельдік эстакадалар зақымданып, өрт шыққанын хабарлаған болатын.
Reuters дереккөздері кәсіпорында алғашқы өңдеуден өткізетін екі бірдей қондырғы — АВТ-6 және АВТ-4 зақымданып, тоқтатылғанын алға тартады. Сондай-ақ, кейбір екінші деңгейлі өңдеу қондырғылары мен цехаралық коммуникациялар зардап шеккен.
АВТ-6 қондырғысы тәулігіне 17,1 мың тонна мұнай мен газ конденсаты қоспасын өңдеуге есептелген, бұл зауыт қуаттылығының шамамен 60 пайызын құрайды. Ал АВТ-4 қондырғысы кәсіпорын қуаттылығының қалған 40 пайызын (тәулігіне шамамен 11,4 мың тонна) қамтамасыз етіп келген.
Агенттік дереккөздерінің бағалауынша, шабуыл салдарын жою және мұнай өңдеуді ішінара қайта бастау үшін бірнеше аптадан бірнеше айға дейін уақыт қажет болуы мүмкін.
«Газпромнефтехим Салават» Ресейдегі ең ірі мұнай-химия кешендерінің бірі саналады. Кәсіпорын көмірсутек шикізатын өңдеудің толық циклін жүзеге асырып, бензин, дизель отыны, керосин, сұйытылған газ, полиэтилен, акрил қышқылы, аммиак, карбамид және басқа да өнімдер шығарады.
Салалық дереккөздердің мәліметінше, 2024 жылы зауыт 7,2 млн тонна мұнай шикізатын өңдеген, бұл Ресейдегі жалпы өңдеу көлемінің шамамен 2,7 пайызын құрайды. Сондай-ақ кәсіпорын 1,5 млн тонна автобензин, 2,5 млн тонна дизель отыны және 0,7 млн тонна мазут өндірген.
«Газпромнефтехим Салаваттың» иесі — «Газпром» мен «Русгаздобычаның» бірлескен кәсіпорны болып табылатын «Газпром добыча Тамбей» компаниясы.
В Атырау +29.8