
2026 жылдың маусым айында Қазақстанда 167 878 автокөлік құралы есепке қойылды, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Мамыр айымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 13,7%-ға артқан (мамырда 147 668 көлік тіркелген болатын).
Маусым айында тіркелген көліктің басым бөлігін жеңіл автомобильдер құрады — 87,4%. Жүк көліктерінің үлесі — 5,7%, тіркемелер — 2,4%, мотоциклдер — 1%, автобустар — 0,9%, ал басқа да автокөлік құралдары — 2,6% болды.
Маусымда есепке қойылған машиналардың ішінде қозғалтқыш көлемі 1500-ден 2000 текше сантиметрге дейінгі көліктер жиі кездесті. Олардың үлесі тіркелген көліктердің 34,5%-ын құрады.
Жанармай түрі бойынша бензинмен жүретін автомобильдер көш бастап тұр. Маусымда осындай 136 232 көлік тіркелді, бұл жалпы санның 81,1%-ы. Сондай-ақ дизель отынымен — 10 845, аралас жанармаймен (газ-бензин) — 11 183, ал электр қуатымен жүретін 2 872 электрлі көлік тіркелген.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 6 млн 25,9 мың автокөлік құралы тіркелген. Оның ішінде 5 млн 53,7 мыңы — жеңіл автомобильдер.
Елдегі автопарктің ең көп шоғырлануы Алматы қаласында (733,3 мың көлік) және Алматы облысында (646,3 мың көлік) тіркелді.
В Атырау +29.8