Атырау, 13 шілде 11:31
 дождьВ Атырау +25.8
$ 464.71
€ 531.26
₽ 6.05

​Атыраудағы Успен соборына – 140 жыл

41 рет қаралды

Қазақстандағы ең көне православ шіркеулерінің бірі биыл 140 жылдық мерейтойын атап өтеді! Бірақ бұл туралы көп адам біле бермейді.

Атыраудағы Успен соборының қай жылы салынғанына қатысты қарама-қайшылық бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Бұған түрлі баспа дереккөздерінде нақты мұрағат құжаттарына немесе тарихи шежірелерге сілтеме жасалмай, әртүрлі жылдардың көрсетілуі себеп болып отыр. Мәселен, Саламат Мұқашевтың белгілі «Атырау қаласының шежіресі» кітабында құрылыс жүргізілген жылы 1885 жыл деп көрсетілген. Ал соборға әр жылдары орнатылған әртүрлі даталары бар (1886, 1883, 1888) естелік тақтайшалар жағдайды одан сайын шатастыра түсті. Соңғы дата қандай негізге сүйенгені белгісіз, ресми ашылу күні ретінде есептеліп, 2018 жылы 130 жылдық мерейтой салтанатты түрде атап өтілді.

Осы «қате» мерейтой тойланған жылы бұл жолдардың авторы ғибадатхананың 1886 жылы ашылғанын дәлелдейтін зерттеу жүргізген болатын.

Успен соборының өзінде революцияға дейінгі мұрағат сақталмағандықтан, мәліметтерді басқа дереккөздерден іздеуге тура келді. Алғашқы ресми айғақ 1901 жылғы «Оренбургские епархиальные ведомости» газетінен табылды, онда құрылыстың 1886 жылы аяқталып, приход құрылғаны айтылған. (Православие шіркеуінде приход деп белгілі бір жерде тұратын және ғибадатхана төңірегіне біріккен православиелік христиандар қауымдастығын атайды – Авт.).

Бұдан кейін соборға қатысты кейбір құжаттардың Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағатта (ОММ) сақталғаны анықталып, «Былина» орыс этномәдени қоғамдық бірлестігі сол жаққа ресми сұрау салды. ОММ-нен келген ескі шіркеу ведомосының көшірмесі өте мазмұнды әрі құнды жәдігер болып шықты!

1910 жылғы ведомоста собордың «1886 жылы Гурьев қаласының Құрметті азаматы Феодот Иванович Тудаковтың ынтасымен және қаражатына, сондай-ақ жергілікті қайырымдылық жасаушылардың қоғамдық жинағына салынғаны» жазылған. Бұдан бөлек, құжатта тағы бір маңызды дерек бар – шіркеу тағы да 1886 жылы 30 шілдеде киелендірілген (освящен). Бұл құлшылықты бастау үшін қажетті жоралғы. Осы оқиғаға орай «Уральские войсковые ведомости» газетінде «Освящение новой церкви в г. Гурьеве» атты тұтас репортаж жарияланған екен.

1910 жылғы шіркеу ведомосының үзіндісі
1910 жылғы шіркеу ведомосының үзіндісі

«Өткен шілде айының 30-ы күні Гурьев қалашығында Орынбор және Орал епископы Макарий жергілікті діни қызметкерлермен бірге жаңадан салынған Пресвятая Богородица Успен храмын киелендіру рәсімін өткізді. Осыған орай ұйымдастырылған құлшылық ерекше салтанатымен ерекшеленді, ал жиналған халықтың көптігі сонша, шіркеуге келгендердің бәрі сыймады. Литургия аяқталғаннан кейін Владыка жиналғандарды тебіренткен сөз сөйледі, тіпті көбі көз жасына ерік берді. Храмға қасиетті рәсім жасалғаннан кейін Ф.И. Тудаковтың үйінде дәм берілді...», – деп жазады есімі белгісіз (әттең!) журналист әріптесіміз.

Осылайша, Успен соборының ашылуының нақты датасы анықталып, бұл факт сегіз жыл бұрын көпшілікке жария етілген болатын. Алайда, ғибадатхана қабырғасында әлі күнге дейін қате дата жазылған тақтайша тұр. Бұл әсіресе қала қонақтарын шатастырады, өйткені олар ұлты мен дініне қарамастан бұл әдемі шіркеу ғимаратын тамашалауға жиі келеді.

Сондай-ақ, бұл шіркеу ғимараты Атыраудағы ең көне ғимарат деп есептеймін! Ал тақтайшаны ауыстыру туралы ешкім бас қатырып жатқан жоқ.

Бұл хикаядағы ең өкініштісі – қателіктің өзі емес, оның мұрағаттық құжаттар мен анықталған фактілерге қарамастан әлі де өмір сүріп жатқаны. Парадоксалды жағдай қалыптасып отыр: тарихи шындық белгілі, бірақ ресми түрде ештеңе болмағандай кейіп танытуды жөн көреді. Собор қабырғасында датасы қате жазылған тақтайша тұрған кезде, қала өз өткені туралы жалған ақпаратты таратуды жалғастыра бермек. Ал бұл тек тарихи дәлдік мәселесі ғана емес, бұл – сенушілерге, туристерге және Атырау тарихына деген қарапайым құрметтің жоқтығы.

Лев ГУЗИКОВ

Суретті түсірген: Сұлтан АХМЕТ

Бүгін, 10:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.