
Абай облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататын «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісін әшкереледі. Заңсыз әрекеттің салдарынан топырақтың құнарлы қабаты мен жасыл желектер жойылып, орман қорына 228 миллион теңгеден астам залал келген.
Бұл оқиға резерваттың Тау-Дала филиалына қарасты Үлкен-Бөкен орманшылығы аумағында орын алған.
Орманшылықтың берген ресми мәліметіне сәйкес, табиғатқа келтірілген зиян ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған байланысты Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабы 3-бөлігі 3-тармағы, яғни жер қойнауын өз бетінше пайдалану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады.
Табиғат қорғау заңдылығының сақталуын қадағалайтын құзырлы ведомство өкілдері бұл бағыттағы заң бұзушылықтардың соңы ауыр болатынын қатаң ескертті.
«Облыс прокуратурасы жер қойнауын заңсыз пайдалану, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда шаруашылық қызметті жүзеге асыру заңда белгіленген жауаптылыққа, оның ішінде қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді. Экологиялық заңнаманы бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша қадағалау шаралары жалғасатын болады, ал қоршаған ортаға зиян келтірудің әрбір фактісіне келтірілген залалдың толық көлемде өтелуін қамтамасыз ете отырып, қағидатты құқықтық баға беріледі», — деп мәлімдеді облыс прокуратурасы.
В Атырау +28.5