Атырау, 15 маусым 11:48
 дождьВ Атырау +28.5
$ 489.33
€ 566.30
₽ 6.74

​Коттеджі мен көлігі бар зейнеткер қызынан алимент өндіруді талап еткен: Сот шешімі

77 рет қаралды
ЖИ көмегімен жасалған сурет
ЖИ көмегімен жасалған сурет

Балқаш қалалық соты зейнеткердің өзінен әлдеқайда аз табыс табатын қызынан алимент өндіру туралы талап арызын қанағаттандырудан бас тартты. Сот істі қарау барысында екі қабатты үйі мен автокөлігі бар, сондай-ақ ең төменгі жалақыдан жоғары зейнетақы алатын қарияның заң бойынша көмекке мұқтаж жандар санатына жатпайтынын анықтады.

Балқаш қаласының зейнеткері сотқа қызынан ай сайын өз күтіміне 10 АЕК мөлшерінде алимент өндіру туралы талап қою жолдаған. Ол күнделікті тұрмысқа және дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат қажет екенін, алайда қызының материалдық көмек көрсетпейтінін айтқан. ҚР «Неке және отбасы туралы» кодекстің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз және көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға міндетті. Алайда Қарағанды облысының Балқаш қалалық соты талап қоюшының ай сайын 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алатынын, сондай-ақ оның екі қабатты тұрғын үйі мен Mitsubishi Montero Sport автокөлігі бар екенін анықтаған.

Қызы бұл талаппен келіспей, жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отырғанын, олардың әкесінен алимент алмайтынын және сатушының көмекшісі болып жұмыс істеп, айына 85 мың теңге жалақы алатынын түсіндірген. Оның айтуынша, әкесі материалдық көмекке мұқтаж емес, өйткені ол коттеджде жалғыз тұрады, автокөлігі бар, зейнетақы алады және дәрігерлер оған тек дәрумендер ғана тағайындаған.

Сот талап қоюшының көмекке мұқтаж адамдар санатына жатпайтынын атап өтті. Зейнеткер емделуге тұрақты шығындардың бар екенін, үздіксіз күтімді қажет ететінін немесе қолындағы қаражаттың негізгі өмірлік қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз екенін растайтын сенімді дәлелдеме ұсынбаған. Сонымен қатар оған ұлының материалдық көмек көрсететіні анықталған.

Сот сондай-ақ талап қоюшының зейнетақы мөлшері ең төменгі жалақыдан жоғары екенін және тараптар арасында бұрыннан қалыптасқан келіспеушіліктер бар екенін ескерген. Соттың пікірінше, талап қоюдың негізгі себептерінің бірі де осы жағдай болған. 

Тараптардың мүдделерінің теңгерімін сақтауды назарға ала отырып, сот талап қоюды қанағаттандыруға негіз жоқ деген қорытындыға келген. Сот шешіміне шағым берілмеген және ол заңды күшіне енген.

Бүгін, 10:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.