
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің туған күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент өз жеделхатында ҚХР Төрағасының екі ел арасындағы байланысты нығайтуға қосқан ерекше еңбегіне тоқталды. Атап айтқанда, Си Цзиньпиннің Қазақстан мен Қытай арасындағы мызғымас достыққа, тату көршілікке және өзара қолдауға негізделген мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытуға зор үлес қосқаны атап өтілді.
Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының қазіргі «алтын отызжылдық» кезеңінде екіжақты ынтымақтастық жоғары қарқынын сақтай отырып, одан әрі нығая түсетініне және ықпалдастықтың жаңа бағыттарын қамтитынына сенім білдірді.
Жеделхат соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің жауапты мемлекеттік қызметіне сарқылмас табыс тілеп, достас Қытай халқына бақ-береке мен өркендеу тілегін жеткізді.
В Атырау +28.5