Атырау, 12 маусым 12:55
 дождьВ Атырау +29.4
$ 487.76
€ 562.39
₽ 6.75

Қазақстан мұнайы экспортының бағыттары: қайсысы өсті, қайсысы азайды?

69 рет қаралды

«ҚазТрансОйл» АҚ мамыр айында Каспий құбыр консорциумы жүйесі арқылы және Ақтау порты арқылы Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры бағытындағы мұнай экспортын азайтты.

Бұл туралы көлік компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап Reuters хабарлайды.

«ҚазТрансОйл» мәліметінше, 2026 жылдың мамыр айында Ақтау теңіз порты арқылы Баку–Тбилиси–Джейхан бағыты бойынша 125 мың тонна қазақстан мұнайы жөнелтілген. Бұл 2025 жылдың мамырымен салыстырғанда 20 мың тоннаға аз.

КҚК (КТК) жүйесіне мұнай айдау 102 мың тоннаға қысқарып, 395 мың тоннаны құрады.

Компания сондай-ақ мамыр айында Германияға мұнай экспортын жүзеге асырмағанын мәлімдеді.

Бұл ретте Өзен–Атырау–Самара магистральдық мұнай құбырының Атырау–Самара учаскесі арқылы қазақстандық мұнайды жеткізу көлемі 84 мың тоннаға артып, 654 мың тоннаға жетті.

Бұл көлемнің 301 мың тоннасы Усть-Луга портына, тағы 353 мың тоннасы Новороссийск портына бағытталған.

Мамыр айында Атасу–Алашаңқай магистральдық мұнай құбыры арқылы Қытай бағытына қазақстандық мұнай экспорты 83 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 мың тоннаға артық.

Ресей мұнайының осы бағыт бойынша транзиті 859 мың тоннаны құрап, 2025 жылдың мамырына қарағанда 7 мың тоннаға өсті.

«Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға, Баку–Тбилиси–Джейхан арқылы Түркияның Джейхан портына, сондай-ақ Қытайға баратын бағыттар Қазақстанға экспорттық бағыттарды әртараптандыруға мүмкіндік береді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мұнай мен газ конденсатының экспортын 2024 жылмен салыстырғанда 12%-ға арттырып, 78,7 млн тоннаға жеткізді.

«ҚазТрансОйл» — Қазақстанның ең ірі мұнай тасымалдаушы компаниясы. Ол ұзындығы 5200 шақырымнан асатын магистральдық мұнай құбырлары желісіне иелік етеді және елде өндірілетін мұнайдың шамамен 60%-ын экспортқа және ішкі нарыққа тасымалдайды.

Бүгін, 11:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.