
Атырауда полиция жалған нөмір таққан автокөліктерді анықтау мақсатында ауқымды рейдтер жүргізіп жатыр. Арнайы операцияның тек алғашқы күнінің өзінде тәртіп сақшылары 60-тан астам құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Республикалық «Жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі» жедел-профилактикалық іс-шарасы 10 маусымда басталып, 14 маусымға дейін жалғасады.
Көлік ағыны арасынан ереже бұзушыларды анықтау үшін патрульдік полиция қызметкерлері «Бүркіт» және «Қорғау» зияткерлік ақпараттық жүйелерін, сондай-ақ басқа да ведомстволық дерекқорларды пайдаланып отыр. Негізгі назар жалған мемлекеттік нөмір таққан машиналар мен тіркеу ережелерін бұза отырып жүрген автокөліктерге аударылып отыр.
Ведомство атап өткендей, Атырауда бір тәулік ішінде жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін елемей, қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе мотошлемсіз жүрген 50-ден астам жүргізуші де жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер Атырау тұрғындары мен қонақтарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолдарда қауіп-қатерге бой алдырмауға шақырады.
В Атырау +29.4