Атырау, 8 маусым 14:40
 дождьВ Атырау +22.8
$ 487.44
€ 567.38
₽ 6.62

​«ҚазМұнайГаз» кеңсесі Атырауға көшуге дайын ба? — сарапшы

111 рет қаралды
Яғни толық нұсқа: Олег Червинский, фото Ринат Дүсүмов
Олег Червинский, фото Ринат Дусумов

Қазақстандық журналист әрі мұнай‑газ саласының сарапшысы Олег Червинский ұлттық компаниялардың бас кеңселерін Астанадан салалық өңірлерге көшіру мүмкіндігін талқылауды ұсынды.

Бұл пікірін ол Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында «Роснефть» бас директоры Игорь Сечиннің мәлімдемесіне байланысты жариялады. Сечин компанияны Мәскеуден өңірге көшіру туралы сұраққа: «Егер Владимир Владимирович тапсырма берсе, біз, әрине, орындаймыз», — деп жауап берген.

Червинский Ресейде мемлекеттік компаниялардың кеңселерін салалық өңірлерге көшіру тақырыбы бірнеше рет көтерілгенін еске салды. Мысалы, «РусГидро» Красноярскке көшуді аяқтады, ал «РЖД» құрылымдарын Владимир облысындағы Доброградқа көшіру мәселесі талқылануда. «Роснефть» үшін профильді өңірлер ретінде Югра мен Ямал‑Ненец автономды округі аталды.

Осыған байланысты сарапшы Қазақстанда да осындай тәсіл қолдануға бола ма деген сұрақ қойды: 

— «ҚазМұнайГаз» кеңсесі Атырауға, ал «Қазатомпром» мысалы, Қызылордаға көшуге дайын ба?» — деп жазды ол.

Червинскийдің пікірінше, мұндай қадам өңірлердің дамуына қосымша серпін беріп, іскерлік белсенділікті арттырады, сапалы кадрлар мен инфрақұрылымға сұранысты күшейтеді, сондай‑ақ басқару орталықтарын өндіріс шоғырланған аймақтарға жақындатады.

Сарапшы бұл идеяны Қазақстан Президенті Қасым‑Жомарт Тоқаевтың «сол жағалаулық адамдар» туралы сынымен де байланыстырды. Президент квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің өңірлік күн тәртібінен алшақ екенін айтқан болатын.

Қазақстанда көптеген ұлттық компаниялардың бас кеңселері Астанада орналасқанымен, өндірістік база мен негізгі активтердің басым бөлігі өңірлерде шоғырланған. Мұнай‑газ саласы негізінен Батыс Қазақстанмен, уран өндірісі оңтүстік аймақтармен байланысты.

Ұлттық компаниялардың кеңселерін көшіру әзірге сарапшылардың ұсынысы деңгейінде қалып отыр, ресми түрде пікір білдірілген жоқ. Дегенмен бұл мәселе өңірлердің стратегиялық салаларды басқарудағы рөлін қайта қарастыруға түрткі болуда.

Айта кетейік, мұндай идея алғаш рет 2011 жылы «Қазақстанның синергетикалық атласында» ұсынылған. Онда «Тау‑Кен Самұрық» кеңсесін Өскеменге, ҚазМұнайГазды Ақтөбеге, «РД КМГ»‑ны Атырауға, «Самұрық‑Энерго» мен KEGOC‑ты Павлодарға көшіру ұсынылған еді.

Еске салсақ, 2026 жылдың ақпанында Қашаған кенішінің операторы NCOC Атырауда 167 млрд теңгеге жаңа кеңсе салатыны белгілі болды. Сол кезде облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсембаев кеңсені кен орындарына жақын болу үшін Мақат ауданында салуды ұсынған еді.

Бүгін, 13:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.