
Қолданыстағы жалдау үлгісі бойынша жылына бірнеше миллиард теңге шығындалып отырған Қашаған кенішінің операторы енді ірі өндірістік жобаға тең капиталдық инвестиция көлемінде өз кеңсесін салуды жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта NCOC кеңсені Тимур Құлыбаев пен Серік Қырымовқа тиесілі «Жайық Инвест Девелопмент» компаниясынан жалға алып отыр.
Бұл компанияның Атырауда өз кеңсесін салуға алғашқы талпынысы емес. Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, осындай жоба 5–6 жыл бұрын да талқыланған, бірақ тендерге дейін жетпеген.
Сарапшының пікірінше, жаңа жобаның экономикалық тиімділігі күмән тудырады.
«Сандарға қарасақ, қазіргі жалға берушіден кеңсе жалдау шығыны жылына шамамен 2 млрд 800 млн теңгені құрайды. Тіпті 10 жылда бұл бар болғаны 28 млрд теңге, жаңа кеңсенің құнынан әлдеқайда аз. 167 млрд теңгеге құрылыс салу – мұндай капиталдық жобаның қаншалықты негізді екенін ойлантады, әсіресе Қашаған бойынша өнімді бөлу туралы келісімнің мерзімі шамамен 15 жылдан кейін аяқталатынын ескерсек», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Оның айтуынша, қазіргі жалдау үлгісі орташа мерзімде де әлдеқайда арзан болып қала береді. Егер NCOC Атырауда тағы 15 жыл жұмысын жалғастырса, жалға жұмсалатын жалпы шығын шамамен 42 млрд теңгеден аспайды. Бұл жоспарланған құрылыс шығынынан төрт есе аз.
Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, компанияның өз ғимаратына көшуі тек қызмет ауқымы едәуір кеңейген жағдайда, жалдау шарттары нашарлаған кезде немесе ұзақ мерзімді пайдалану шығындары дәлелді түрде азаятыны көрсетілгенде ғана ақталуы мүмкін.
«Мұндай ауқымды инвестициялар компанияның стратегиялық мақсаттарымен нақты негізделуі тиіс, жай ғана өз ғимараты болсын деген ниетпен емес. Әзірге мұндай негіздемелер ашық дереккөздерде жоқ», – дейді сарапшы.
Атырау үшін мұнай-газ компанияларының ірі инвестициялары әдетте жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері және жылжымайтын мүлік нарығына ықпал дегенді білдіреді. Алайда NCOC жобасының ауқымы қазір ең алдымен қолданыстағы ӨБК келісім мерзімдеріне және ашық қаржылық есептердің жоқтығына байланысты қаншалықты негізді екендігі жөнінде сарапшылар мен жұртшылықтың сауалдарын туғызуда.
Айгүл МАНСУРОВА
Суретті түсірген автор
В Атырау -10