
Қаза тапқан атыраулық студент Яна Легкодимованың анасы Галина Легкодимова сотталғандардың нақты қай мекемеде жазасын өтеп жатқанын білмек болған. Алайда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл ақпаратты жария етуден бас тартыпты.
Галина Легкодимоваға жолданған ресми жауапта ведомство тек бір жайтты: сотталғандар үкімге сәйкес қылмыстық‑атқару жүйесінің мекемесінде жазасын өтеп жатқанын растады.
Алайда ҚАЖК Қылмыстық‑атқару кодексі мен жеке деректерді қорғау туралы заңнама нормаларына сілтеп, нақты мекеменің атауын көрсетуге бас тартқан. Ведомство түсіндіргендей, жазасын өтеу орны туралы ақпаратты тек сотталғандардың таңдауы бойынша жақын туыстарына немесе сенімді тұлғаларға ғана хабарлауға болады, ал жеке істегі мәліметтер жария етілмейді.
Сотталғандардың нақты қай мекемеде отырғаны туралы түрлі болжамдар пайда болды. Бұған дейін олардың өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар ұстайтын «Қара бүркіт» мекемесіне этапталғаны айтылған еді. Соңғы уақытта басқа бейресми деректер де тарады, бірақ ешқайсысы ресми түрде расталған жоқ.

«Ақ Жайық» тілшісімен сөйлескен Галина Легкодимова бұл сауалды қызығушылықтан емес, заң бойынша сотталғандардың тиісті мекемеде отырғанына көз жеткізу үшін жолдағанын айтты. Ол үшін ең бастысы – қылмыскерлердің шынымен өмір бойына жазасын өтеп, заңда қарастырылған жағдайда отырғанына сенімді болу.
— Мен енді ғана жайлап тыныштала бастадым. Бұл сауалды тек олардың шынымен тиісті жерде отырғанына көз жеткізу үшін жібердім. Жаңа өмір бастауға, басқа қалаға көшуге, әрі қарай өмір сүруді үйренгім келген. Бірақ бұл оқиға әлі мені жібермей отыр. Маған олардың өмір бойына жазасын өтеп, осындай қылмыс жасағандарға арналған жерде отырғанын білу маңызды, — деді Янаның анасы.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +22.8