
Құрманғазы ауданында Қиғаш өзенінің көктемгі су тасуына байланысты әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер қалыптасуда. Бөгеттер бойы суға толып, кейбір ауылдарға қауіп төнуде екендігі айтылады. Шынында хал нешік?
Құрманғазы ауданы әкімдігінің дерегіне сәйкес, қазіргі уақытта қауіпті гидрологиялық құбылыстар тіркелмеген. Жағдайды жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметі тәулік бойы бақылауда ұстап отыр.
Аудан әкімінің орынбасары Марат Хасановтың айтуынша, күн сайын «Қазгидромет» мекемесінен ақпарат келіп түсуде. Қиғаш өзені бойындағы Котяевка гидробекетінде су деңгейі 267 см (қауіпті межесі — 518 см), ал Шортанбай ауылындағы гидробекетте 412 см (қауіпті межесі — 555 см) болып тұр. Бұл деректер 3 маусым таңертеңгі гидрологиялық бюллетеньде де расталған. Соңғы тәулікте Котяевка мен Шортанбай бекеттерінде су деңгейі 2 см төмендеген.
Ал Шарон өзені бойындағы Ганюшкино ауылында су деңгейі 278 см (қауіпті межесі — 422 см), тәуліктік көрсеткіш бойынша 2 см көтерілгенімен, қауіпті деңгейден әлі де төмен.
Хасановтың сөзінше, Волгоград су торабы арқылы жіберілетін су көлемі біртіндеп азайып келеді: 26 мамырда секундына 19 040 м³ болса, 3 маусымда 15 930 м³-ке дейін төмендеген. Аудан әкімдігі қазіргі уақытта су тасқыны қаупін тудыратын жағдай жоқ деп есептейді.
Жалпы аудан бойынша су тасқынына қарсы бөгеттердің ұзындығы — 220 км. Қиғаш пен Шарон өзендері бойында 109 км қорғаныс құрылысы бар. Барлық бөгеттердің техникалық төлқұжаттары жасалып, ауылдық округтердің теңгеріміне берілген. 2024 жылы 96,6 км бөгет жөнделіп, қосымша 16,7 км жаңа бөгет төрт ауылдық округке берілген.
Аудан билігінің айтуынша, гидрологиялық ахуал тұрақты және бақылауда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +23.5