
Атырау облысында жыл басынан бері отбасылық жанжалдарға қатысты 2,5 мыңға жуық өтініш тіркелді. Тәртіп бұзғандардың барлығы дерлік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ӨКҚ.
Аймақтық Полиция департаментінің мәліметінше, облыста тұрмыстық жанжалдар туралы 2 496 хабарлама қаралған. Нәтижесінде 2 456 азамат отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы заңсыз әрекеттері үшін ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Зардап шеккендерді қорғау мақсатында полиция 2 132 қорғау нұсқамасын шығарды. Алайда бұл шектеу отбасы тыныштығын бұзғандардың бәрін бірдей тоқтата алған жоқ.
«Қорғау нұсқамасының талаптарын бұзғаны үшін 156 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен қамауға алынды. Бұдан бөлек, 484 адамның мінез-құлқына қатысты сотпен арнайы талаптар белгіленді», — деп хабарлады ведомстводан.
Бұл статистика «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық акциясы аясында жария етілді. Атырау облысы ПД бейінді бөлімінің бастығы Райса Айтжанованың айтуынша, қазіргі уақытта өңірде алдын алу жұмыстары тек қарапайым халық арасында ғына емес, мемлекеттік органдарда да белсенді жүргізіліп жатыр.
«Атырауда бұл тақырыпта 1 500 адамды қамтыған ауқымды форум, мектеп оқушылары арасында «Бақытты отбасы» сурет байқауы және басқа да іс-шаралар өтті. Түсіндіру жұмыстары мемлекеттік қызметшілер мен ТЖД қызметкерлері арасында да жүргізіліп жатыр», — деп атап өтті Р. Айтжанова.
Полиция өкілдері өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық құндылықтарды нығайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.
В Атырау +23.5