Атырау, 1 маусым 18:40
 дождьВ Атырау +20.8
$ 485.95
€ 565.74
₽ 6.83

Құрманғазы ауданындағы округ тұрғындары уәделерін ұмытқан әкімді тексеруді талап етуде

89 рет қаралды
Кудряшово ауылы / фото: 2ГИС
Кудряшово ауылы / фото: 2ГИС

Құрманғазы аудандық Кудряшов ауылдық округі тұрғындары жергілікті әкім Бақтияр Вахитовтың жұмысына наразылық білдіріп, қызметтік тексеріс жүргізуді талап етті. 

Олар ауылда шешілмей келе жатқан проблемалар көп, ал әкім оларды шешуге еш құлықсыз деп санайды. Олар ауыл әкімінің орнын босатуды талап етеді, “ауылдың жағдайы кері кетіп барады” дейді. 

Тұрғындар оның үстінен 18 мамыр күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы мен Құрманғазы ауданының әкіміне арыз түсірді. Кейін 29 мамыр күні әкімнің қатысуымен өткен жиналыста да тұрғындар оған наразылығын білдіріп, “жұмыс істемей отырсың” деп бетіне басты.

Арызында тұрғындар “Әкімнің сайлауалды бағдарламасында берілген уәделердің басым бөлігі орындалмаған. Қызметке келгеніне екі жыл уақыт өтсе де, ауылда айтарлықтай оң өзгерістер байқалмайды” деп жазады. 

Тұрғындар ауыл әкімінің ауылда тұрақты тұрмайтынын, басқа елді мекеннен қатынап жұмыс істейтінін және қызметтік тұрғын үйде тұрмайтынын айтады. Олардың пікірінше, бұл жағдай оның ауыл өміріне толыққанды араласуына, жедел шешім қабылдауына және тұрғындардың мәселелерін уақытылы шешуіне кері әсерін тигізуде. 

Ауыл тұрғындарының әлеуметтік желілер арқылы жолдаған сұрақтары мен өтініштеріне жауап берілмейтінін де алға тартады.

Шағымда тұрғындардың пікірінше, тиісті назар аударылмай отырған бірқатар мәселелер көрсетілген. Тұрғындар ауылдың даму жоспары нақты әрі тиімді жүзеге асырылып жатқан жоқ, алдағы жылдарға арналған жоспарларда маңызды инфрақұрылымдық жобалар толық қамтылмаған дейді.

Көрсетілген мәселелер қатарында: ауылішілік жолдардың сапасыздығы салдарынан ішкі қатынас айтарлықтай қиындаған. Бұл жағдай тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайсыздық туғызып қана қоймай, жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да шұғыл қызметтердің дер кезінде жетуіне кедергі келтіруде. Сондай‑ақ бөлек балабақша ғимаратының жоқтығы, ауылдық клубтың қанағаттанарлықсыз жағдайы және балалар мен спорт алаңдарының жетіспеушілігі де басты проблемалар қатарында көрсетілген.

Тұрғындар бөлек алаңдаушылық ретінде су тасқынына қарсы бөгеттердің жағдайын атап өтті. Олардың айтуынша, су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттері қараусыз қалып, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бұл өз кезегінде көктемгі тасқын кезінде қауіп төндіреді.

Ауыл тұрғындары елді мекенді айнала қалыңдап өскен кеткен жыңғылдың да проблемаға айналғанын айтады. Олардың сөзінше, тоғайлар үйлерге дейін жақындап, ауыл маңында қасқыр, қорқау және түлкілер жиі көріне бастаған.

Тұрғындардың шағымында тағы бірнеше мәселе көрсетілген. Олардың қатарында: ауыл ішінде қараусыз қалған үйлер мен апатты жағдайдағы ғимараттардың көптігі, соның ішінде бұрынғы Н.В. Гоголь атындағы мектеп; бір жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмай тұрған істен шыққан трактор; қоршалмаған қоқыс полигоны; аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымдардың қызметіне жеткілікті бақылаудың болмауы.

Сонымен қатар, тұрғындар Кудряшов ауылдық округінің атауына қатысты мәселені көтерген. Олардың пікірінше, бүгінгі күні ауыл атауы жергілікті халықтың ұлттық болмысы мен тарихи-мәдени ерекшеліктеріне сәйкес келмейді. Алайда осы уақытқа дейін ауыл атауын өзгерту мәселесі бойынша тұрғындардың пікірін ескеру, бастама көтеру және тиісті рәсімдерді жүргізу бағытында нақты жұмыстар атқарылмаған.

Ауыл тұрғындары әкімнің қызметіне қызметтік тексеріс жүргізуді, атқарған міндеттеріне құқықтық баға беруді, округтің даму жоспарын қайта қарауды және әкімді қызметінен босату мәселесін қарастыруды талап етті.

Бұған дейін Кудряшов ауылдық округінің тұрғындары денсаулық сақтау саласындағы жағдайға байланысты шағым жасаған еді. Кудряшов пен Арна ауылдары бөлек округтерге бөлінгеннен кейін халық жедел жәрдем көлігінің жоқтығына және терапевт дәрігер лауазымының қысқартылуына наразылық білдірген болатын.

Жаңа шағым көрсеткендей, тұрғындардың талаптары тек медицинамен шектелмей, округ өмірінің басқа да салаларын қамтып отыр. 

Редакция Атырау облысы әкімдігіне және Құрманғазы ауданы әкімдігіне сауалдар жолдады. Бұл ақпарат жарияланған сәтте  жауаптар келмеді.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 15:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.