
Атырау облысында мәдени инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Қазіргі уақытта өңірде 12 жаңа мәдениет нысанының құрылысы қолға алынған.
Жаңа мәдениет үйлері Құрманғазы ауданындағы Көптоғай, Бірлік, Азғыр ауылдарында, Қызылқоға ауданындағы Қарабау, Миялы, Жангелдин, Мұқыр елді мекендерінде, Жылыой ауданындағы Жаңа Қаратон, Ақкиізтоғай, Қосшағыл ауылдарында және Исатай ауданындағы Нарын ауылында бой көтеруде.
Соңғы жылдары облыста мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. 2023 жылдан бері 14 жаңа нысан пайдалануға беріліп, тағы 54 мекеме күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті. Ірі жобалардың қатарында 1200 орындық концерт залы мен жаңа музейдің құрылысы бар.
Бұрынғы Некелесу сарайы да қайта жаңғыртылып, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестріне берілмек.
Қазір Атырау облысында 242 мәдениет нысаны жұмыс істейді, онда 3 мыңнан астам маман қызмет атқарады. Жаңа жобалардың жүзеге асуы ауыл тұрғындарының мәдени шараларға, шығармашылық үйірмелерге және қоғамдық кеңістіктерге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
В Атырау +17.1