
Ақтөбедегі ауқымды рейдтерден кейін желіде патрульдік көліктер колоннасының видеосы тарала бастады. Пайдаланушылардың айтуынша, бұл көліктер Атырау облысына бағыт алған.
Ресми түрде мұндай күшейту әзірге расталған жоқ, бірақ кадрлар жергілікті пабликтер мен чаттарда кеңінен талқылануда.
Куәгерлер жариялаған бейнелерде трасса бойымен ондаған патрульдік көліктің колонна болып қозғалғаны көрінеді. Жазба авторларының айтуынша, өңірге жолдағы бақылауды күшейту және тексерістер жүргізу үшін басқа облыстардан қосымша полиция экипаждары жіберіліп жатыр.
Көпшілік бұл жағдайды Ақтөбедегі соңғы ауқымды операциямен байланыстырады. Ол жерде Астана, Қарағанды және өзге өңірлерден келген полиция қызметкерлерінің қатысуымен өңіраралық патруль ұйымдастырылған болатын.
ІІМ дерегінше, рейдтің алғашқы күнінде ғана Ақтөбеде жол қозғалысы ережесін бұзудың 500-ден астам дерегі анықталған. Ерекше назар өрескел заңбұзушылықтарға, көлік әйнектерінің күңгірттелуіне, тіркелмеген автокөліктерге және жолда қауіп төндірген жүргізушілерге аударылған.
Атырауда осындай күшейтілген тексерістер жүргізіле ме және олардың мерзімі қандай болмақ — әзірге ресми ақпарат жоқ.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +32.9