
14 мамыр күні Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы "Атырау" ықшам ауданында бір топ көп балалы аналар наразылық танытты. Себебі, бұдан екі жыл бұрын үйлері тасқын суда қалса да ешқандай жәрдем көрмеген.
2023 жылдың желтоқсанында "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 100 пәтерлік 5 қабатты 3 үй көп балалы аналарға берілген болатын.
Сол жылы үй толық бітпесе де баспана жалдап, бала-шағасымен босып жүрген аналар анау-мынау олқылықтарды қалпына келтіріп қоныстанып алды.
Алайда екі жыл қыстағаннан кейін баспаналарынан айрылып қалу қаупі туындады. 2024 жылы су тасқыны болып, көп үй су астында қалды. Олардың ішінде осы үйлер бар еді.
- Үйіміз тура екі ай су ішінде қалқып тұрды. Тоз-тозымыз шығып өз үйімізге өзіміз кіре алмай қайықпен қатынауға тура келді. Тасқын су жертөлені түгел басты. Су қайтқаннан кейін пәтерлердің іші кеуіп, қабырғаларда жарықтар пайда болып, кафелдер түсіп қалды. Балкон тұсы да ырсиып тұрды. Негізі бұл үйлер баланста аудандық әкімшіліктің ТҮКШ бөлімінде. Біз жалдап отырмыз, жекеге айналдыру үшін қалдық құны есептеліп қойылған. Яғни, екі бөлме 21 млн, үш бөлме 26 млн теңгеге бағаланған. Бұл бағаға көп балалы аналар ала алмайды,-дейді Гүлназ Кашабаева.
Тұрғындар үйлері екі ай бойы суда тұрса да сараптама тағайындалмағанын айтады. Оның қорытындысын тұрғындарға жария етпепті. "Үйлердің тасқында тұрғандығы ескеріліп, қалдық құнын неге төмендетпеген" дейді көпшілік.
Бүгінде жалға алу, коммуналдық қалдықтарды төлей алмай отырған отбасылар бар екенін тұрғындар ашына айтты.
- Менің жеті балам бар. Осы жерде тұрғандардың көбі 5-10 балалы. Үйлердің судың астында тұрғанын әкімдіктегілер жақсы біледі. Басында уақытша келісім шарт, кейін негізгісін берді. Онда не жазылған "бұл пәтер өзгертусіз, ай сайын үш бөлме 18, екі бөлме 13, ал бір бөлмеге 8 мың төлеу керек" деген жазу тұрды. Ал жыл өткен сайын үйдің қалдық құны төмендетіледі деген бірауыз сөз жоқ. Осы жөнінде әкімшілікке барғанымызда, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланов "қанағат қылмайсыңдар ма, сендерді ешкім қуып жатқан жоқ" дегенін қалай түсінуге болады,-дейді көпбалалы ана Жанаргүл Бегайсова.
Ал көпбалалы ана Кәмшат Айтбаева бұл үй берілгенімен тіркеуге тіркемей отырғанын, сайлау кезінде ағайынының үйіне амалсыздан уақытша тіркелгенін ашына жеткізді.
Айтбаеваның айтуынша, әкімдіктің балансысында болса да жылу котелдерін өздері жөндеп алған. Ендігі тұрғындардың талабы-үйдің қалдық құнын төмендету арқылы жекешелендіруге жатқызу.
Осыған байланысты аудан әкімшілігіне барғанымызда әкім орынбасары Гүлнафис Айшуақова аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың іссапарда екенін, ал тұрғындар талабына орай жауапты кейін беретінін айтып жазып алды. Алайда бір жұма өтсе де толыққанды жауап жоқ. Бұдан бұрын тұрғындар eGov арқылы аудан әкіміне, құзырлы орындарға арыз жолдағанымен жауабын ала алмай отырғанын жеткізген болатын.
Гүлнафис Айшуақова кейін жазбаша түсініктеме жолдады. Әкімдіктің хабарлауынша, тұрғындар тұрғылықты жері бойынша тіркеуді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арқылы ЭЦҚ пайдаланып рәсімдей алады.
Аудандық әкімдікте түсіндіргендей, тұрғын үйді жекешелендіру «Е-қазына» веб-порталы арқылы жүргізіледі. Өтініш бергеннен кейін тұрғындар 30 күн ішінде пәтердің қалдық құнының 10 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеуі тиіс және жалдау ақысын уақытылы төлегенін растайтын түбіртектерді ұсынуы қажет.
Аудандық әкімдіктің жауабына сәйкес, пәтерлердің бастапқы құны мынадай:
- бір бөлмелі пәтер — 13 472 127 теңге 71 тиын;
- екі бөлмелі пәтер — 18 298 938 теңге 04 тиын;
- үш бөлмелі пәтер — 26 503 972 теңге 04 тиын.
Сонымен бірге әкімдік жауабында тасқыннан кейінгі үйлердің техникалық жағдайы туралы деректер нақты көрсетілмеген. Есесіне ЭЦҚ рәсімдеу, өтініш беру және бастапқы жарнаны төлеу тәртібі егжей‑тегжейлі түсіндірілген.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен видеоны түсірген автор
В Атырау +32.9