
Атырауда 22–23 мамыр күндері «Сұлтан Бейбарыс» алаңында «ШеберFEST – 2026» халықаралық фестивалі өтеді.
Бұл шара екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтарын ұлттық дәстүр мен заманауи өнердің тоғысқан ерекше мерекелік атмосферасына бөлейді.
Сағат 11:00-ден бастап кешкі 23:00-ге дейін Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстаннан келген қолөнер шеберлері өз туындыларын көпшілікке ұсынады.
Фестиваль аясында 50 шебердің жұмыстары көрмеге қойылып, бұйымдар сатылымға шығарылады, ал қонақтар көне және заманауи қолөнер тәсілдерімен танысып, шеберлік сабақтарына қатыса алады.
Ұлттық ас мәзірі де мерекенің ажарын ашады: бауырсақтың иісі мен самаурын шайының хошы келушілерге ерекше әсер сыйлайды.
Сонымен қатар «Атырау ЭТНО FEST – 2026» этнофестивалі өтеді, онда қала мен аудан мәдениет күндері ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойнатылады. Бағдарламада сәндік дефиле, өнерпаздардың концерттік қойылымдары және гала-концерт бар.
Фестиваль тері, киіз, ағаш, жүн, зергерлік және этно бағыттағы өнерді біріктірген мәдени алаңға айналады. Келушілер шеберлер мен суретшілердің туындыларын тамашалап қана қоймай, олармен еркін пікір алмасып, ұлттық қолөнердің құндылығын кеңінен насихаттауға үлес қоса алады.
Сонымен бірге өңірдің аграрлық дәстүрі мен гастрономиялық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланып, шығармашылық пен дәстүрді ұштастырған ауқымды мереке ретінде есте қалмақ.
В Атырау +26.9