
Атырау облысының белсенділері Жақсықылыш ауылына барған сапарынан кейін Индер көлінде тұзды өнеркәсіптік жолмен өндіруге түбегейлі қарсы екендерін тағы да нақтылай түсті.
8 мамыр күні Атырау облысының бір топ белсенділері Қызылорда облысы Арал ауданы Жақсықылыш кентіне барып келді. Мақсат-жұртшылық арасына үлкен резонанс туғызып отырған "АралТұз" АҚ мен "АралСода" ЖШС-мен танысу. Өйткені аталмыш екі компанияның Индер ауданындағы Тұзды көлде барлау, кейін өнім өндіру үшін өткізген қоғамдық тыңдауы қарсылықтарға толы болған еді.
«Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллиннің айтуынша, Жаңақылыштағы көрініс сапарға қатысқан белсенділерді қатты шошытқан:
- Жақсықылыш ауылының жағдайын көріп, жағамызды ұстап келдік. 100 жылдық тарихы бар "АралТұз" АҚ осы ауылда орналасқан. Бір ғасыр бойы үздіксіз жұмыс жасаған компания халықтың әл-ауқатын жақсартты деуге негіз жоқ. Зауыт ауылдың тап іргесінде болғанымен санитарлық тазалық сақталмаған, толған қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Зауыттан шыққан тұз өнімі арнаулы көлікпен емес, ашық-шашық күйде "шахманмен" тасылуда. Тұз өндіру алаңын сырттай зерделедік, ашық-шашық, рапасы сыртқа, елді мекен аумағына ағуда. Өндірістік қалдықтар ауылдың сыртында шашылып жатыр, тұз қапшықтарын көрдік. Жалпы антисанитариялық жағдайда, жағымсыз иіс бар, - деді ол.
Белсендінің айтуынаш, ауылда шамамен 6 мыңға жуық халық бар, оның дені зауытта жұмыс жасайды. Жергілікті тұрғындар еңбекақылары 80-200 мың теңге аралығында екенін айтты.
Ғазиз Ғабдуллиннің айтуынша, көрген көріністердің Индер ауданындағы тұрғындар арасында да үлкен қауіп пен күмән туғызатынын атап өтті.
- Жақсықылышты жарыта алмай отырған компания Индер ауданын гүлдендіреді деуге негіз жоқ, сол себептен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс әкімі Серік Шәпкенов халықтың жан айқайын дұрыс түсініп, шарасын алады деп сенеміз. Индер тұзкөлі өндіріске емес, туризмге сұранып тұр. Өйткені, елімізде түрлі аурулар көбейді, онкология сырқаты өршіп тұр. Ол экологиялық зардаптан туындап отырғаны анық. Ал Индер тұз көліне сырқатына шипа іздейтіндер тек Қазақстан емес, шетелден де келуде, - деді ол.
Индербор тұрғыны, Жақсықылышта дүниеге келген Бекнұр Бегімов те жобаның жүзеге асырылуына қарсы шықты.
- Мен осы Жақсықылыштың тумасымын. Барлық балалық шағым осында өтті, қазір Индерборда тұрамын. Мен Индерборда өткен "АралТұздың" қоғамдық тыңдауында болғанмын, өз қарсылығымды да білдірдім. Жазды күні Жақсықылышта иістен демалу мүмкін емес. Алпауыт компаниямыз дейді, ең болмаса қоқыстарды тазалауға болар еді ғой, - деді ол.
"АЖ" мәліметі бойынша, Жақсықылыш кенті Арал ауданына қарайды, арақашықтығы 15 шақырым. Бұл кент Қазақстанның ас тұзын өндіретін басты орталығы ретінде танымал. Тұз өндіру кені 1913 жылы басталған. 1925 жылы "Соль-артель" ұйымы құрылған. Кеңес Одағы кезінде "АралТұз" комбинаты атымен танымал 1994 жылы "АралТұз" АҚ болып өзгерген. Бүгінде "АралТұз" АҚ-да мыңнан астам адам еңбек етеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Фото, видео Саламат Базарбаев пен Қуат Жанесеевтікі
В Атырау -10