
Атырау облысында жеке медициналық ұйымдардың қызметіне кедергі болған шектеулер жойылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті хабарлады.
Тексеру барысында Денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік мекемелерге гистологиялық зерттеулерді тек мемлекеттік ұйымдарға ғана жолдау жөнінде міндетті нұсқау бергені анықталды. Мұндай талап жеке клиникалардың қызмет көрсетуіне тосқауыл қойып, патологиялық анатомия саласында бәсекелестікті шектеген.
Департамент қорытындысын облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі алқасы заңды деп таныды. Сот қолданыстағы заңнамада жеке ұйымдардың бұл салада қызмет көрсетуіне тыйым салынбағанын атап өтті. Нәтижесінде басқарманың әрекеті заңсыз деп танылып, лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімі күшіне енген соң заңсыз тапсырма жойылып, департаменттің нұсқамасы толық орындалды. Енді гистологиялық зерттеулерді тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жеке клиникалар да жүргізе алады.
В Атырау -10