Атырау, 4 мамыр 14:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 462.91
€ 542.16
₽ 6.16

Атыраудың төрт тұрғыны Филиппиндегі транзиттік аймақта қалып қойды

130 рет қаралды

Оңтүстік Кореяға кіру әрекеті сәтсіз аяқталғаннан кейін Атыраудың төрт тұрғыны бірнеше күннен бері Себу әуежайының транзиттік аймағынан шыға алмай отыр.

Олардың айтуынша, сапар алдын ала жоспарланған: бағытқа Қытай, Гонконг, Макао және одан әрі Оңтүстік Корея кірген. Алайда Пусан әуежайында K-ETA электронды рұқсаты болғанына қарамастан, елге кіруге рұқсат берілмеген. Дегенмен, K-ETA елге кіруге кепіл бермейтінін, соңғы шешімді шекара қызметі қабылдайтынын ескеру қажет.

Саяхатшылардың бірі Иса Қожабектің айтуынша, оларды қосымша сұрақ-жауапқа алып кеткен.

— Бізден Пусан орталығына дейін қанша шақырым, такси қанша тұрады деп сұрады. Біз мұны білмедік, себебі оны сол жерге барғасын білерміз деген едік. Осыдан кейін бізге кіруге рұқсат берілмеді, — дейді ол.

Туристердің сөзінше, үшеуін жақын рейспен Филиппинге жіберген, ал олардың төлқұжаттары шекара қызметінде болған. Иса рейсте орын болмағандықтан Пусанда қалып, әуежайда түнеген. Кейін ол да Себуге ұшып барып, қалғандарымен қосылған.

Алайда ол жерде де жағдай шешілмеген: Филиппинге кіруге рұқсат берілмеген. Нәтижесінде төртеуі үшінші күн қатарынан әуежайдың транзиттік аймағында паспорттық бақылаудан өте алмай отыр. Айтуларынша, олар терминалда түнеп жүр.

— Біз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жүгіндік. Филиппинде қазақстандық консулдық жоқ, ең жақыны Индонезияда екенін айтты. Солардың көмегімен төлқұжаттарымызды қайтарып, бөлме берді, бірақ әуежайдан шығуға әлі де рұқсат жоқ. Бізге ұшып кетуіміз керек екенін, әрі қарай көмектесе алмайтындарын жеткізді, — дейді олар.

Оңтүстік Корея мен Филиппинде елге кіргізуден бас тарту себептері ресми түрде түсіндірілмеген.

Осы ақпарат жарияланған сәтте Қазақстан СІМ-нен түсініктеме алу мүмкін болмады. Редакция ресми сауал жолдады.

Айгүл МАНСУРОВА

Бүгін, 13:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.