Атырау, 4 мамыр 14:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 462.91
€ 542.16
₽ 6.16

Атырауда BINOM мектептеріне 50 млрд теңгедей жұмсалды, бірақ шығындар құпия қалып отыр

115 рет қаралды
Сурет: 2gis
Сурет: 2gis

Атырауда BINOM мектептерінің құрылысы мен жұмысына миллиардтаған келісімшарттар жасалғанымен, шығындардың құрылымы, оқушыға шаққандағы қаржыландыру көлемі және оның оқу нәтижелерімен арақатынасы туралы деректерді облыстық білім басқармасы ашып көрсетуді жөн көрмеді.

BINOM желісіндегі мектептер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жұмыс істейтіні белгілі. Оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсаты жарияланғанымен, ата-аналар бірнеше рет білім сапасының төмендегенін айтып, балаларын басқа мектептерге ауыстыратынын жеткізген.

Осыған байланысты редакция білім басқармасына ресми сауал жолдады. Бізді Атыраудағы төрт BINOM мектебінің, соның ішінде салынып жатқан мектептің құрылысына кеткен шығын, бюджеттік қаржыландыру үлесі, 2025 жылы бөлінген субсидиялар мен жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі, сондай-ақ 2026 жылға қарастырылған сома қызықтырды. Бұл мектептердің қаржыландыруы ұқсас мемлекеттік мектептердің шығындарынан неге айтарлықтай жоғары екендігі туралы бқлек сұрақ қойылды.

Бұдан бөлек, осы мектептердің қаржыландыруы оқу нәтижелері ұқсас мемлекеттік мектептердің шығындарынан не себепті айтарлықтай жоғары екені туралы сұрақ қойылды.

Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Лаура Меңдіғалиева BINOM мектептері жобалары Қазақстан Республикасының заңнамасына, соның ішінде «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңға сәйкес жүзеге асырылып жатқанын және олардың мақсаты — заманауи білім беру инфрақұрылымын дамыту мен мектептегі білім сапасын арттыру екенін айтты.

Оның деректеріне сәйкес, жалпы сомасы 49 миллиард 464 миллион теңгені құрайтын келісімшарттар жасалған. Орындау мерзімдері 2028, 2030 және 2031 жылдарға дейін белгіленген. Атап айтқанда: «Ақшағала» ықшамауданында — 14 миллиард 26 миллион теңге; «Драмтеатр» ықшамауданында — 14 миллиард 339 миллион теңге; «Нұрсая» ықшамауданында — 10 миллиард 631 миллион теңге; «Сарыарқа» ықшамауданында — 10 миллиард 468 миллион теңге.

2023–2025 жылдары бюджеттен 3 миллиард 576 миллион 500 мың теңге бөлініп, игерілді. 2026 жылға 2 миллиард 637 миллион 400 мың теңге қарастырылған, оның ішінде бүгінгі күнге дейін 879 миллион 100 мың теңге игерілген.

Білім басқармасы мектептердің қаржыландыруы уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан тұрақты тексеріске және бақылауға алынатынын, деректер заңнамаға сәйкес ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету үшін берілетінін мәлімдеді. Алайда шығындардың нақты құрылымы мен төлемдердің егжей-тегжейі жауапта көрсетілмеген.

Екінші сұрақтар блогы оқушылар контингенті мен ата-аналар тарапынан айтылған сынға қатысты болды. Редакция Атыраудағы BINOM мектептеріндегі нақты оқушы саны және 2025 жылы мен 2026 жылдың бірінші тоқсанында басқа оқу орындарына ауысқан оқушылардың статистикасын сұраған еді.

Білім басқармасының мәліметінше, BINOM мектептерінде жалпы 10 068 оқушы, оның ішінде: Д. Қонаев атындағы мектеп-лицейде — 4 019 оқушы; Әл-Фараби атындағы мектепте — 4 109 оқушы; «Жайық» BINOM мектебінде — 1 940 оқушы білім алуда.

Ведомство оқушылар контингентінің қозғалысы табиғи процесс екенін және тұрғылықты жердің ауысуына, жаңа мектептердің ашылуына және білім алуды таңдауға байланысты болатынын атап өтті. 

Үшінші сұрақтар блогы білім сапасына қатысты болды. Редакция BINOM мектептері мен қарапайым мектептердегі оқушылардың білім деңгейіне салыстырмалы талдау жүргізілген-жүргізілмегенін, оның нәтижелері қандай болғанын және материалдық-техникалық базадан бөлек, білім беру ортасының сапасы артқанын дәлелдейтін нақты көрсеткіштер бар-жоғын сұрады. Сондай-ақ ата-аналардың шағымдарына байланысты білікті кадр тапшылығы мәселесі де көтерілді.

Жауапта оқу процесі Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы, мемлекеттік стандарттар және оқу үдерісі мен бағалау жүйесін реттейтін нормативтік актілерге сәйкес жүргізілетіні көрсетілген.

Ведомствоның дерегінше, білім сапасы оқушылардың оқу жетістіктері нәтижелері бойынша бағаланады. Оған МОДО, ҰБТ және ішкі бағалау көрсеткіштері кіреді. Сонымен қатар мемлекеттік және жекеменшік мектептердің барлығы бірыңғай нормативтік-құқықтық база аясында жұмыс істейтіні, алайда жекеменшік ұйымдардың оқу процесін ұйымдастыруда белгілі бір дербестігі бар екені атап өтілген.

Педагогикалық тәжірибелердің тиімділігін арттыру үшін мұғалімдер мемлекеттік білім беру порталдары арқылы әдістемелік қолдау алады. Оқу процесінің сапасына бақылау «Binom Atyrau» өңірлік басқармасы мен мектеп әкімшіліктері тарапынан жүргізілетіні нақтыланды.

Алайда негізгі сұрақтар — бір оқушыны оқыту қаншаға түсетіні, мектептер жан басына қаржыландыру бойынша қандай сомалар алатыны және білім сапасында нақты артықшылық бар-жоғы — білім басқармасының жауабында айтылмады.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 12:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.