
Сырым Датұлы көшесіндегі балалар алаңы коммерциялық жерге орналастырылып, абаттандыру жұмыстары аяқталмай қалды.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен редакцияның қайтадан жолданған сауалына жауап берілді. Алайда жұмыстардың құны туралы басты сұрақ тағы да жауапсыз қалды.
Бұл сауалға тұрғындардың шағымдары себеп болды. Олардың айтуынша, Сырым Датұлы көшесі, 13 мекенжайындағы алаңда ойын жабдықтары жаңартылғанымен, бүгінгі күнге дейін балалардың қауіпсіздігі үшін қажет газон немесе басқа қорғаныш жабындысы жасалмаған.
Бұған дейін редакция сауал жолдаған еді, алайда алынған жауап жеке тұлғаның өтініші ретінде рәсімделіп, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сілтеме жасалды. Редакция бұл журналистік сауал екенін атап өтеді. Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік органдар бұқаралық ақпарат құралдарына сұралған ақпаратты беруге міндетті, тек заңда нақты көрсетілген жағдайларда ғана бас тартуға құқылы.
Қайталама сауалда редакция нақты сұрақтар қойды: жұмыстар қай жоба аясында жүргізілді, мердігер кім, құны қанша, қауіпсіз жабын қарастырылған ба, жұмыстар жалғаса ма және қай мерзімде аяқталады, сондай-ақ жобада қандай абаттандыру элементтері қамтылған? Қала бойынша да қанша алаң салынды, қаржыландыру көлемі және мердігер ұйымдар туралы деректер сұралды.
Алайда бөлімнің уақытша басшысы Ақесен Ибрагимов берген жауапта жұмыстардың құны көрсетілмеді.
Оның айтуынша, «Атырау қаласындағы балалар ойын алаңдарын күтіп-ұстау және жөндеу (Лот №2)» жобасы аясында көрсетілген мекенжайдағы алаң бұзылып, орнына ескірген шағын архитектуралық формалардың орнына жаңа заманауи антивандалдық элементтер орнатылған.
Сонымен қатар, Ибрагимовтың сөзінше, жұмыстар барысында №04066029156 кадастрлық нөмірлі жер телімі бұрын кеңсе мен дүкен құрылысы үшін берілгені анықталған.
- Осыған байланысты бөлім аталған жер телімін өз балансына рәсімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Рәсімдеу аяқталғаннан кейін бетон негізін құю және тартан (резеңке) жабынды төсеу жоспарланған, — деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, Ибрагимов бұл нысан бойынша мердігер ұйым — «Sungat S» ЖШС екенін айтты, бірақ жұмыстардың құны көрсетілмеді.
Соған қарамастан, жұмыстардың құнын редакция мемлекеттік сатып алу порталынан өз бетінше анықтады. «Атырау қаласындағы балалар ойын алаңдарын ағымдағы жөндеу және күтіп-ұстау (Лот №2)» деп аталатын тендер 2 сәуірде жасалған, жыл соңына дейін күшінде болады. Жалпы сома — 117 млн 30 мың теңге (ҚҚС-пен). Компания басшысы ретінде Қаракөз Жамишева көрсетілген.
Бұл келісімшарт қаладағы бірнеше нысанды қамтиды. Ибрагимовтың жауабында Сырым Датұлы көшесі, 13 мекенжайындағы алаң да көрсетілген. Алайда әр нысанға нақты қанша қаржы бөлінгені ресми ақпаратта ашылмаған.
Жауапта қала бойынша атқарылған жұмыстарға қатысты деректер де келтірілген. Мәселен, 2025 жылы Көкарна, Құрсай, Жұмыскер елді мекендерінде, сондай-ақ Авангард-3, Геолог, Береке, Өркен, Нұрсая ықшамаудандарында және Қаженбаев, Ахмедьяров көшелерінде 27 балалар ойын алаңы салынған.
Сонымен қатар, «Халықтың қатысу бюджеті» жобасы аясында тағы 27 жерде мини-футбол алаңдары, спорттық жаттығу және балалар ойын алаңдары орнатылды.
Қосымша 40 жерде жаңа балалар ойын алаңдары жасалып, 3 жерде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық жаттығу алаңдары орнатылды.
Ағымдағы күтіп-ұстау және жөндеу жұмыстары аясында 6 футбол алаңы мен 11 балалар ойын алаңы салынды, сондай-ақ 9 футбол және 5 балалар алаңы жөнделді.
Соған қарамастан, қаржыландырудың ашықтығы мәселесі шешілмей тұр: журналистік сауадға қарамастан, ресми жауапта жұмыстардың құны айтылмады.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -10