
Шымкент мұнай өңдеу зауыты («ПҚОП» ЖШС) биылғы 27 наурызда басталған жоспарлы алдын алу жұмыстары сәтті аяқталғанын ресми хабарлады. Кәсіпорын ҚР Энергетика министрлігі бекіткен кестеде көзделген мерзімнен үш күн бұрын өндірісті толық іске қосты.
Мұнайды бастапқы өңдеу өндірісі 22 сәуірде, ал терең өңдеу өндірісі 2 мамырда жұмыс режиміне көшті.
ЖАЖ аясында 573 бірліктен астам жабдыққа және 170 құбырға куәландыру жасалды. Сондай-ақ ЭЛТҚ-АТ, дизель отынын гидротазалау және каталитикалық крекинг қондырғыларын қоса алғанда, негізгі пештермен агрегаттарға күрделі жөндеу жүргізілді.
Жұмыстарға 2000-нан астам маман, 200-дей арнайы техника жұмылдырылды. Бұл ретте еңбекті қорғауға және өнеркәсіптік қауіпсіздікке ерекше назар аударылды.
Зауыт тоқтап тұрған уақытта ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығы болған жоқ. Кәсіпорын алдын ала жасақталған қор есебінен мұнай өнімдерін үздіксіз жеткізіп отырды.
Қазір кәсіпорын кеңейтілген жөндеуаралық кезеңіне өтті. Келесі ауқымды жұмыстар тек 2030 жылы жүргізіледі. 2028 жылы жекелеген қондырғылардың қысқа мерзімді ағымдағы жөндеуі көзделген. Жалпы, бұл Шымкент МӨЗ-не ішкі нарықты мұнай өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ете отырып, ұзақ уақытқа тоқтамай-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Жоспарлы алдын алу жұмыстары «Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес жүргізіледі. Бұл іс-шаралар зауыттың үздіксіз әрі қауіпсіз қызметін, сондай-ақ экология саласы стандарттарының сақталуын қамтамасыз етеді.
В Атырау -10