Атырау, 28 сәуір 15:02
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 460.80
€ 541.21
₽ 6.13

«Үңгір» ішіндегі күңгірт өмір​: ​​​Индерборда апатты үйлердің тұрғындары биліктен көмек сұрайды

Сурет Бейнежазба
112 рет қаралды

М. Жұмабаев көшесіндегі №7, 8 және 9 үйлер 2019 жылы апатты деп танылып, тұрғындарды 2025 жылға дейін көшіру уәде етілген еді. Алайда мерзімдер орындалмай, ол үйде тұратын жағдай одан әрі нашарлаған.

Тұрғындар үйлерінің алдында жиналып, биліктен түсініктеме сұрады. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары, мәслихат хатшысы және мамандар келгенімен, аудан әкімі Серік Нысанбаевтың өзі қатыспады.

- Әкім неге келмеген? Тағы да іссапарда дейсіздер. Өткен жылы  осы жерде тұрғындармен кездесіп, 2026 жылы көшесіңдер деген болатын. Одан бері бес ай өтті, әлі үй жоқ. Алдымыз жаз, тағы да қарақұрт, жыланмен күреспекпіз бе, - деп жиналғандар наразылық танытты.

1950-ші жылдары салынған үйлердің әбден тозығы жетіп, күйі кеткен. Іргетасы жоқ үйлер күннен-күнге жерастына кіргендіктен қабырғалары қақырап, есік, терезелері сынып, шатыры сөгілген. Қолқаны қабар иістен аурулы болғанын айтқан тұрғындар пәтерлерінің көгеріп, сыз тартқанын, ток көзінің нашарлығынан лампочкалар өртеніп, қуаттылығының төмендігінен тоңазытқыштарының  жиі істен шығатынын жеткізді. Су құбырмен келіп тұрғанымен бәріне бірдей жетпейді, септик үнемі толып тұрады. Жалпы құбыр жүйелері әбден ескіргендіктен жамап-жасқауға келмейді. Жертөле жауынды-шашында суға толса, үй алдындағы иесіз гараждар жарым-жартылай құлап, маскүнемдердің орнына айналған. 

- Біз кент тұрғындары санақта болғанымызбен, еш жағдай туғызылып отырған жоқ, қараусыз ешкімге керек еместей болып қалдық. Қатты желде шатырдың шиферларын қалай болса солай ауыстырып, ол ұшып көліктердің үстіне түсті. Біз үндемедік, өйткені үй жекеменшік өздерің жасап алыңдар дейді. Ең болмаса осы үйден көшкенге дейін айналасын құлаған ағаштардан тазартып, қоқыстарды шығарып берсе, ауыз суымыздың мәселесін шешіп берсе, - дейді Әсима Ділмұқашева. 

Аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин өткен аптадағы кездесуде ауылда жаңа тұрғын үйлердің салынып жатқанын айтты. 

- Кентте 80 пәтерлік үй салынып жатқанымен ол берілмейді. Сол үйдің қасынан 5 қабатты 60 пәтерлік үйдің құрылысын салу үшін жер берілді. Оның құрылысын өз қаржысына құрылыс компаниясы салып беретін болды. Олар құрылысты бастап кетті, биыл бітіруге тырысады, болмаса келесі жылдың жартыжылдығында пайдалануға бермекші. Мен нақтысын айта алмаймын, сондықтан аз қалды, күтіңіздер. Ал оған дейін тазарту, қоқыс шығаруды, суды да жөнге келтіретін боламыз,- деді ол. 

Дегенмен уәде еткен күнге бір апта өтсе де әкімдік үй айналасын жинап қоқыстарды шығаруға, суды реттеуге әлі күнге келмегенін айтып тұрғындар шағымданды.

Ашынған тұрғындардың айқайын басу айтып тыныштандырып, үйіп-төгіп уәде берген әкімдік халықты тағы да алдапты. Тұрғындар мұндай уәделерді бұрын да талай естігенін, тек мерзімдердің ғана өзгеретінін айтады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен видеоны түсірген автор

Бүгін, 13:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.