
Атырау қаласында бір жылдай интимдік қызмет көрсетумен айналысқан ұйымдасқан топтың ісі сотта қаралып, үкім шықты. Құқық қорғау органдарының дерегінше, желі бір жылға жуық жұмыс істеп, Қазақстанның әр өңірінен және көршілес Өзбекстаннан әйелдерді тартқан.
Қаладағы №2 сотта бірнеше айға созылған ашық процесс барысында қылмыстық істің фигуранттары – жиырмаға жуық адам.ұйымдастырушы, сауна әкімшілері, делдалдар мен жүргізушілердің әрекеттері қаралды. Тергеу материалдарына сәйкес, 36 жастағы әйел 2024 жылдың қаңтар айынан желтоқсанға дейін тұрақты схема құрып, әйелдерді тарту, жарнама жариялау, тапсырыс қабылдау және табысты бөлу жұмыстарын ұйымдастырған.
Әйелдерді Шымкенттен, Алматыдан, Жетісу облысынан және көршілес Өзбекстаннан жеткізіп отырған. Олардың бір бөлігі бұл салада бұрыннан тәжірибесі бар екені анықталды. Клиенттерді табу үшін интернет-сайттар, мессенджерлер және «Трансфер» деген жазуы бар визиткалар пайдаланылған. Бұл визиткалар автокөлік бөлшектерін жарнамалағандай болып, шын мәнінде жасырын қызметке бағытталған.
Сайттардың бірінде «Аделя» деген бүркеншік атпен жарияланған анкета қызмет бағасын 35 мыңнан 50 мың теңгеге дейін белгілеген.
Ұйымдасқан желінің орталығы сауна орындары болған. Әкімшілер клиенттердің тапсырыстарын қабылдап, WhatsApp арқылы ұйымдастырушыға хабарласып, әйелдерді нақты бөлмелерге бағыттап отырған. Қызмет көрсетілгеннен кейін түскен қаржы қатысушылар арасында бөлініп, мекеме қызметкерлері де үлес алған.
Жүргізушілер де заңсыз желінің бөлігі болған. Олар әйелдерді жеткізіп, тапсырыстың орындалуын және қаржының қайтарылуын бақылаған. Әр түнгі жұмысы үшін 10–15 мың теңге көлемінде ақы алған. Кейбірі такси қызметін тастап, толықтай осы заңсыз әрекетке көшкені анықталды.
Ұйымдасқан топтағы есеп айырысу негізінен Kaspi Gold арқылы жүргізілген. Ақша кейде ұйымдастырушының туыстарының атына тіркелген есепшоттарға аударылған. Сот деректеріне сәйкес, кейбір қатысушылар миллиондаған теңге пайда тапқан. Мәселен, бір фигуранттың табысы 2,2 миллион теңгеден асқан. Жалпы айналым ондаған миллион теңгеге жеткен. Ұйымдастырушы әр тапсырыстан 30 пайызға дейін үлес алып отырған.
Сот барлық қатысушылардың әрекеттерін саналы түрде жасағанын және олардың болып жатқан жағдайдың заңсыз сипатын түсінгенін, алайда тұрақты әрі жоғары табыс үшін жұмысты жалғастырғанын анықтады.
Барлық фигуранттар телекоммуникациялық желілерді, соның ішінде интернетті пайдалана отырып, алдын ала сөз байласқан топ құрамында жасалған жеңгетайлық қызмет көрсетуді ұйымдастыру ісі бойынша кінәлі деп танылды.
Ұйымдастырушыға ең қатаң жаза - нақты бас бостандығынан айыру мерзімі тағайындалды. Қалған қатысушылар да қатысу деңгейіне қарай нақты мерзім алды.
Сот іс-әрекеттің ұзақтығын — шамамен бір жыл, қатысушылар санының ауқымын және тұрақты табыс көзі ретінде құрылған схеманың орнықтылығын ерекше атап өтті.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -10