
Құрманғазы ауданы Кудряшово селолық округіне қарасты Жаңаауыл ауылында (ММС) әлі күнге дейін жол жоқ. Әсіресе жаңбырлы күндері жағдай қиындайды. Балалар мектепке бара алмай, қарттар жақын жердегі азық-түлік дүкеніне жете алмай қиналады.
Өткен жұмада ауыл тұрғыны Айзада Жайғалиқызының 2-сыныпта оқитын баласы мектепке бара жатып, батпаққа құлап қалған. Үсті-басы былғанған соң, үйіне қайтып келуге мәжбүр болған. Соның салдарынан сабақтан кешігіп, сол күні мектепке бара алмаған
— Мұндай жағдай бірінші рет емес, — дейді А.Жайғалиқызы. — Көршілес және жақын орналасқан Бөкейхан, Сафон, Бірлік, Утера ауылдарының бәрінде асфальт бар. Ал біздің ауылда жоқ. Автобус қатынайтын жол да қарастырылмаған.
Оның айтуынша, «жол салынады» деген уәде берілгеніне біраз уақыт болған. Бірнеше күн бұрын КамАЗбен топырақ төгілгенімен, жаңбыр жауса, балалардың мектепке баруы әлі де қиын.
— Біз ауылдың шетінде тұрамыз, ал мектеп ауылдың басында орналасқан. Маршрут бұл жерге келмейді, тек асфальт біткен жерге дейін ғана жүреді. Ауылда қаңғыбас иттер мен шакалдар да бар. Ауыл әкімдігі бұл жағдайдан хабарсыз сияқты, ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ, — дейді Айзада.

Тұрғындардың айтуынша, жаңбыр жауған кезде олар үйден шыға алмай қалады. Үлкен кісілер дүкенге бара алмайды, таксилер жүрмейді, қатынас қиындайды. Мектепке бару ғана емес, жұмысқа қатынау да қиын. Асфальтқа дейінгі қашықтық біршама. Тіпті көршілерінің 3–4-сыныпта оқитын балалары да батпаққа құлап, үйлеріне қайтуға мәжбүр болған. Қазір тек көліктердің ізі ғана бар, толыққанды жол жоқ.
Атырау облысы әкімдігінің «АЖ» сауалына берген жауабында 2022 жылы “Атырау облысы Құрманғазы ауданы Кудряшов ауылының ауылішілік жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғырту” жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге “ЛМ Транспроект” ЖШС-мен келісімшарт жасалғаны, келісімшарттың жалпы құны – 5 738,0 мың теңге екенін хабарланды.
Облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев хабарлағандай, жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолдауға дайын. Автомобиль жолдары мен тротуарлардың жалпы ұзындығы – 13 шақырым. Жоба аясында Кудряшов, Жаңаауыл және Арна ауылдарының ауылішілік жолдары қамтылған.
Кейін Айзада бұрын топырақ төселген учаскеде жол құрылысы басталғанын хабарлады.

Айнұр САПАРОВА
Видеоларды ауыл тұрғыны жолдады
В Атырау -10