
Сәуір айында облыс әкімдігі ғимаратының қарсы бетінде орналасқан Жайық жағалауында бірнеше жерде кеспе тастар бұзылды.
Алғаш рет тұрғындар 11 сәуірде бір учаскеде төсемнің қопарылғанын байқаған. Кейін осындай жұмыстар ескі қалалық саябаққа қарай тағы бір бөлікте жүргізілді.
Редакция бұл жұмыстар жоспарлы ма, мердігерді, қаржыландыру көзін және нақты не істеліп жатқанын сұрап, әкімдікке сауал жолдаған еді.
Қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рамил Халауетдиновтің айтуынша, 11 сәуірде басталған жұмыстар Жайық жағалауындағы жер асты электр желісінде болған апаттан кейін жүргізілген.

Оның айтуынша, апат жедел жойылған, ал бұл жұмыстар жоспарлы да, жоспардан тыс абаттандыру шараларына да жатпайды.
— Жұмыстарды мердігерсіз, «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің күшімен атқарылды. Қопарылған кеспе тас қайта орнына салынды. 2026 жылы Жайық жағалауындағы кеспе тасты қалпына келтіруге және абаттандыруға қаржы қарастырылмаған, — деді ол.
Оның айтуынша, қазір «Арнаулы автобаза» ЖШС бүлінген кеспе тастың кейбір бөліктерін қалпына келтіру, аумақты тазалау және шағын сәулеттік нысандарды, соның ішінде орындықтарды жөндеу сияқты жұмыстарды бір рет жасап жатыр.
— Апаттық жағдай болғандықтан, жұмыстардың нақты мерзімі алдын ала белгіленген жоқ. Ақау сол жерде жойылды, — деді Халауетдинов.

Ал 21 сәуірден бастап жағалаудың басқа бөлігінде — ескі қалалық саябақ маңында да топырақ қазылып, кеспе тас алынды. Бұл жұмыстар жер асты желілеріндегі апатпен байланысты ма, әлде басқа себеп бар ма — әкімдік әзірге түсіндірген жоқ. Редакция қосымша жауап күтуде.
UPD: Кейін әкімдіктің баспасөз қызметі бұл жұмыстар да жер асты электр желісіндегі апатпен байланысты екенін хабарлады. Олардың мәліметінше, «Атырау Жарық» қызметкерлері қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген, қазылған жер қайта көмілетін болады.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау -10