
«Ақ Жайық» редакциясының сауалына жауап қала әкімінің өзінен емес, әкім аппаратының басшысы Айбек Қадралиевтен келді.
Ол Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңдарына сілтеме жасап, жақын туыстар қатарына жататын тұлғалардың тізімін келтірді. Олардың ішінде ата-аналар, балалар, асырап алушылар мен асырап алынғандар, ағайын-бауырлар, ата-әжелер, немерелер, жұбайлар, сондай-ақ қайын-жұрт өкілдері бар.
Жауапта Дабыл Өтегенов Қазақстан Республикасының заңнамасы тұрғысынан жақын туыстар санатына жатпайтыны атап өтілген.
Сондай-ақ қала әкімі еске алу шарасына жұмыс уақытынан тыс қатысқаны көрсетілген.
«Бата оқу шараларына қатысу – әрбір азаматтың жеке құқығы және қызметтік тәртіп талаптары сақталса, мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың нормаларымен шектелмейді. Бұдан басқа, қосымша түсініктеме берудің қажеттілігі жоқ», — делінген әкім аппараты басшысының жауабында.
Әңгіме 24 наурызда орталық «Иманғали» мешітінде өткен марқұмға арналған жаназа-намаз туралы болып отыр. Бұл күн сейсенбіге сәйкес келген. Сол кезде намазға жүздеген адам жиналды, олардың қатарында, БАҚ мәліметінше, әкімдік пен қадағалау органдарының қызметкерлері де болған. Келгендердің көпшілігі марқұмның қандай қылмыс жасағанын білмегені айтылады.
Еске сала кетейік, 22 наурызда Атырау түзету мекемесінде сотталғандар арасындағы төбелес нәтижесінде бір тұтқын қаза тапты. Марқұм 51 жаста еді, жанжал оның туған күні орын алған. Бұған дейін хабарланғандай, іс бойынша жәбірленушілер бес және сегіз жастағы екі қыз болған, қаза болған оларға өгей әке болып келген. Ол ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі («Кәмелетке толмағанды зорлау») және 124-бабының 4-бөлігі («Кәмелетке толмағандарды азғындық жолға түсіру») бойынша жазасын өтеп жатқан. Сот оны 25 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған, ал қайтыс болған кезде ол жазасының шамамен үш жылын өтеген еді.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -10