Атырау, 22 сәуір 13:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 464.73
€ 546.57
₽ 6.19

Жалға алу құны – 16 млн, қызмет көрсету – 11 млн теңге: Атырауда әкімдік ғимаратына жұмсалатын шығындар артып келеді

119 рет қаралды
Фото 2ГИС / қала әкімдігі ғимараты.
Сурет: 2ГИС / қала әкімдігі ғимараты

Атырау қалалық әкімдігі Нұрсая шағын ауданындағы жалға алынған ғимаратқа ай сайынғы төлемнен бөлек, оны күтіп-ұстауға арналған қосымша келісімшарт жасасты. Құны – 11 млн 292 мың теңге. Бұл келісімшарт тікелей жасалып, ақпан айында толық төленген.

Бұған дейін «АЖ» қалалық әкімдіктің Сұлтан Бейбарыс даңғылы, 15 мекенжайындағы жалға алынған әкімшілік ғимаратқа көшкенін хабарлаған болатын. Нысан иесі – Құлсарыдағы «Бейбарыс» ЖК. Ол кезде әкімдік ғимаратты сатып алу мәселесі қарастырылмайтынын мәлімдеген болатын.

Енді мемлекеттік сатып алу порталынан осы ғимаратқа қатысты тағы бір келісімшарт табылды. Ол Эдуард Оспанов басшылық ететін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен жеке кәсіпкер Нұрсұлу Арыстанғалиева арасында жасалған.

Келісімшарт әкімдік пен оның бөлімдері орналасқан ғимаратты күтіп-ұстау қызметтерін қамтиды. 

Мемлекеттік сатып алу порталының деректеріне сәйкес, келісімшарт 20 ақпанда жасалып, 10 наурызға дейін күшінде болған. Ал төлем ақпаратында көрсетілгендей, жалпы сома - 11 млн 292 мың теңге 27 ақпанда толық бөлініп, төленген.

Сатып алу бір көзден тікелей келісімшарт жасау арқылы жүргізілген.

Құжатқа сәйкес, мердігер мекеме ғимаратты кешенді түрде күтіп-ұстауы тиіс: тазалау, техникалық және профилактикалық қызмет көрсету, ұсақ және жедел жөндеу, электр және сантехникалық жұмыстар, бейнабақылау жүйесін күтіп-ұстау, сондай-ақ тұрмыстық қызметтер. Барлық шығын материалдарын мердігер өзі қамтамасыз етеді.

Жұмыстарды орындау мерзімі – келісімшартқа қол қойылған күннен бастап 20 күн. Кепілдік мерзім – 12 ай: егер ақаулар анықталса, мердігер оларды өз есебінен жоюға міндетті. 

Сонымен қатар мердігер жауапты тұлға тағайындап, оның байланыс деректерін тапсырыс берушімен келісуі тиіс. Шағым түскен жағдайда жұмысқа 24 сағат ішінде кірісуі қажет.

Айта кетейік, елде жаңа әкімшілік ғимараттар салуға және сатып алуға мораторий енгізілген. Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында үкіметтің 2025 жылғы 24 қыркүйектегі №792 қаулысына сәйкес, бұл шектеу 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады.

Ашық деректерге сүйенсек, Нұрсұлу Арыстанғалиева жеке кәсіпкерлігін 2014 жылы Құрманғазы ауданы Алға ауылында тіркеген. Қызметкерлер саны – 6-10 адам. 

Негізгі қызмет түрі – азық-түлікті мамандандырылған дүкендерде бөлшек сауда арқылы сату. Қосымша қызмет ретінде интернет арқылы сауда көрсетілген.

Мемлекеттік сатып алуларда кәсіпкер бұған дейін негізінен оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру және Құрманғазы ауданындағы білім беру мекемелеріне азық-түлік жеткізуге байланысты келісімшарттарға қатысқан. Олардың қатарында Балқұдық мектебі, Құрманғазы атындағы мектеп және Лабай мектебі бар

Осылайша, алдыңғы жылдары жеке кәсіпкердің негізгі қызметі білім беру саласында тамақтандыруды ұйымдастырумен байланысты болған.

Дегенмен биыл кәсіпкер қаладағы әкімшілік ғимаратты күтіп-ұстау бойынша келісімшартты конкурссыз, тікелей алған.

Неліктен мұндай профильдегі мердігер таңдалғаны және алдағы уақытта осындай келісімшарттар жасала ма – бұл туралы қалалық әкімдік әзірге түсініктеме берген жоқ.

Әкімдік ғимаратын күтіп-ұстауға неліктен мұндай профильдегі мердігердің таңдалу себебі және алдағы уақытта осыған ұқсас келісімшарттар жасала ма – бұл жөнінде қала әкімдігі әзірге түсініктеме берген жоқ.

Редакция осы мәселеге қатысты ресми сауал жолдады.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 12:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.