Атырау, 16 наурыз 19:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 491.29
€ 562.92
₽ 6.10

Атырау қаласының әкімдігі Нұрсаяға көшеді

149 рет қаралды
2ГИС фотосы / қала әкімдігі ғимараты
Сурет: 2ГИС / қала әкімдігі ғимараты

Жаңа жалға алынған ғимаратқа қала әкімдігіне қарасты барлық бөлімдер бір жерге жинақталады.

Бұған дейін қаржы бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, экономика және бюджет жоспарлау, жолаушылар көлігі мен автожолдар бөлімдері әртүрлі ғимараттарда орналасқан болатын.

Жергілікті билік барлық бөлімдерді бір ғимаратқа жинау идеясын бірнеше рет талқылаған болатын. «Ақ Жайық» редакциясына белгілі болғандай, жақын уақытта олардың қызметкерлері Сұлтан Бейбарыс даңғылындағы (Нқрсая ықшамауданы) жалға алынған ғимаратқа көшіп, жаңа орынға жайғасады. Бұдан бөлек, бүкіл қалалық әкімдік те сонда қоныстанады.

Бірақ жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі (қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі) бұрынғы орнында қала беруі мүмкін.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов бұл ақпаратты растады. Ол қазіргі әкімдік ғимараты ХХ ғасырдың 70-жылдарының соңында салынғанын, онда көптен бері күрделі жөндеу жүргізілмегенін атап өтті. Сондай-ақ бөлімдердің әр жерде орналасуы тұрғындар тарапынан жиі шағым туғызатынын айтты. Себебі азаматтар бір мәселе бойынша бірнеше мекемені аралап, уақыт жоғалтуға мәжбүр болып келеді.

– Басты мақсат – барлық бөлімдерді бір ғимаратқа жинап, «бір терезе» қағидаты негізінде қызмет көрсетудің сапасы мен қолайлылығын арттыру, – деп атап өтті ол. – Жаңа ғимараттың орналасуы ыңғайлы, өзі кең әрі инфрақұрылымы дамыған. Бұл әкімдіктің барлық құрылымдық бөлімдерін толық орналастыруға, қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасауға мүмкіндік береді және мемлекеттік органның жұмысын ұйымдастыру талаптарына толық сәйкес келеді.

Әкімдік кеңсесін жалға алу бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімінің тапсырыс берушісі – «Атырау қаласы әкімі аппаратының іс басқармасы» КММ болды. Ашық электронды конкурс нәтижесінде жеңімпаз анықталды. Ол – «Бейбарыс» жеке кәсіпкерлігі (ашық деректерге сәйкес, жаңа ғимараттың заңды иесі Құлсары қаласында тіркелген).

Сонымен қатар ведомство әлеуметтік желілерде тараған «ай сайынғы жалдау ақысы 30 млн теңге болады, кейін ғимарат бюджет қаражатына сатып алынады» деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Ай сайынғы жалдау құны коммуналдық төлемдер мен салықтарды қоса есептегенде шамамен 16 млн теңгені құрайды. Ғимаратты сатып алу мәселесі қарастырылмайды», – делінген әкімдіктің хатында.

Айта кетейік, Қазақстанда 2025 жылғы 24 қыркүйекте қабылданған №792 Үкімет қаулысына сәйкес жаңа әкімшілік ғимараттар мен мемлекеттік органдарға арналған кешендерді салуға немесе сатып алуға бюджет қаражатын бөлуге мораторий енгізілген. Бұл тыйым салық төлеушілердің қаражатын үнемдеу мақсатында қабылданды және 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

«Ақ Жайық» тілшісінің «неге қысқа мерзімді мораторий аяқталғанын күтіп, содан кейін ғана ғимаратты сатып алу немесе салу мүмкін емес пе?» деген сұрағына әкімдікте былай деп жауап берді:

«Кез келген шешім қабылдау барысында бюджет заңнамасының талаптары қатаң сақталады. Негізгі қағида ретінде қаржы қаражатын тиімді әрі үнемді пайдалану ескеріледі.

Әкімдік бөлімдерінің әртүрлі мекенжайларда орналасуы оларды ұстауға, коммуналдық қызметтерге және әкімшілік шығындарға қосымша бюджет қаражатын талап етеді. Ал барлық құрылымдардың бір ғимаратта болуы әкімшілік және шаруашылық шығындарды едәуір оңтайландыруға, сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Алдын ала есептеулерге сәйкес, мұндай орталықтандыру нәтижесінде әкімшілік шығындар кемінде үш есе қысқарады».

Әкімдіктің ескі ғимараты мен басқа бөлімдер орналасқан ғимараттардың (олар мемлекеттік меншікте) болашағы әзірге белгісіз.

Лев ГУЗИКОВ

Бүгін, 18:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.