Атырау, 16 сәуір 17:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 474.08
€ 558.28
₽ 6.26

Жылыой ауданында 220 млн текше метрлік су қоймасын салу жоспарлануда

94 рет қаралды

Аралтөбе учаскесінде Жем өзенінің бойында сыйымдылығы 220 млн текше метр болатын су қоймасын салу көзделіп отыр, деп хабарлады ӨКҚ.

Жоба өңірдің су ресурстарын тиімді басқаруға және ауыл шаруашылығының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, Жайық-Каспий бассейндік инспекциясына келісуге жолданды. Мемлекеттік сараптамадан өткен соң жобалық-сметалық құжаттамаға қаржы қарастырылмақ.

Сонымен қатар Құлсары қаласын тасқыннан қорғайтын гидротораптың құрылысы аяқталды. Жем өзеніндегі жаңа нысан Құрсай арнасындағы су ағынын реттеуге мүмкіндік береді. Ұзындығы 125 метр, биіктігі 4 метрлік гидроторап 3 мың текше метрге дейін су жинай алады. Бұл су қажет болған жағдайда Жем өзеніне және суару желісіне жіберіледі.

Әкімнің айтуынша, негізгі міндеттердің бірі – Қамыскөл көлін толтыру. Осы мақсатта Жем өзені мен Құрсай арнасының 95 шақырымы тереңдетіліп, жағалау бойында 65 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды. «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, Атырау облысы су тасқыны қаупі төмен аймақтар қатарында. Бүгінде Жем өзеніндегі су деңгейі 161 см, ал қалыпты деңгей – 130 см. Сәуір басында көрсеткіш 171 см-ге жеткен, яғни одан бері қарай 10 см-ге төмендеген.

Төтенше жағдай бола қалған жағдайда өңірдің жұмылдыру қорында 1500-ден астам адам, 400-ден астам арнайы техника, 300 қайық пен мотопомпа, сондай-ақ үш тікұшақ дайын. Жайық, Жем және Ойыл өзендері бассейніндегі 51 елді мекен ерекше бақылауда. Ең қауіпті учаскелерде 15 гидробекет орнатылған.

Бүгін, 15:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.