
Қазақстанда спорт саласындағы алғашқы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы басталды: Атырау облысында дарынды спортшы балаларға арналған мектеп-интернат-колледждің құрылысы қолға алынды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Нысанды 2027 жылдың мамыр айында пайдалануға беру жоспарланған. МЖӘ тетігі бойынша жеке әріптес жобалау мен құрылыс жұмыстарын атқарып қана қоймай, нысан іске қосылғаннан кейінгі бес жыл бойы оны күтіп-ұстауды да қамтамасыз етеді.
Кешеннің басты ерекшелігі – толыққанды көпфункционалды спорттық-білім беру орталығының салынуы. 3,2 гектар аумақта 400 орындық оқу блогы, 300 орындық жатақхана, 13 спорт залы, бассейн, асхана, кітапхана, стадион, жүгіру жолақтары, баскетбол және волейбол алаңдары бой көтереді.
Қазіргі таңда елде 16 облыстық мамандандырылған мектеп-интернат және 4 республикалық мектеп-колледж-интернат жұмыс істейді, онда 6 431 спортшы білім алуда.
Алайда Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Абай, Ұлытау және Қостанай облыстарында мұндай мекемелер жоқ. Сондықтан Атыраудағы жоба пилоттық режимде іске асырылып, кейін басқа өңірлерге кеңейтілуі көзделген.
Жаңа кешенде 13 олимпиадалық спорт түрі бойынша 400 спортшыны (300 оқушы және 100 колледж студенті) даярлау жоспарланып отыр. Бұл құрылыс спорт резервін даярлауға қолайлы жағдай жасап, оқу мен жаттығуды тиімді ұштастыруға мүмкіндік береді әрі балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға серпін береді.
Бұған дейін «АЖ» спорт кешенінің «Ривьера» тұрғын үй кешені аумағында салынып жатқанын хабарлаған болатын.
В Атырау -10 























