
10 сәуірде Атырауда Азаттық көшесі, 9 мекенжайында «Atyrau Creative Hub» шығармашылық орталығы ашылды. Жалпы аумағы 1600 м² құрайтын заманауи көпфункционалды кеңістік құрамына коворкинг аймақтары, конференц-залдар, кітапхана, медиа студиялар, оқу аудиториялары, резиденттерге арналған кеңселер, сондай-ақ демалыс және нетворкинг аймақтары кіреді.
3D технологиялар көрмесінде импортқа тәуелді бөлшек заттарды, сувенирлер мен ойыншықтар шығаратын шағын компанияның өнімдері қойылған. Көрмеде үйдің 3D макеттері мен қару макеттері де ұсынылды.
IP Voxellab 3D баспа студиясының басшысы Сұлтан Каримов тапсырыс бойынша жұмыс істейтінін айтты. Оның сөзінше, жергілікті кәсіпкер бассейн тазалауға арналған шаңсорғышқа қажетті қалақты аспап таба алмай, арнайы тапсырыс берген. Сондай-ақ ірі мұнай компаниясынан өндіріске қажет бөлшек — бітеуіш жасау туралы тапсырыс түскен. Көлік бөлшектеріне де сұраныс бар.
Көрме өткен бөлмеде қолөнерші, зергер Қайрат Шапабаев та өз жұмыстарын таныстырды. Ол жасаған белдіктердің ерекшелігі мен қазақы мәнін түсіндірді.
Ал киізден өнім жасайтын 21 жастағы Мәдина Жұмабекқызы бұл іске екі жыл бұрын келген. Алматыда оқып жүріп қызығушылық танытқан.
— Шеберлерді іздеп, солардан үйрендім. Бұл — менің хоббиім, — дейді ол.
Қазір оның жанында серіктесі бар. Серіктесі текстиль мамандығы бойынша кілем басу, кестелеу, кілем тоқумен айналысады, Алматыдағы Жүргенов атындағы оқу орнын бітірген. Оны Мәдина Instagram арқылы тауыпты. Ал Мәдинаның өзі — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жекеменшік мектепте жұмыс істейді.
Мәдинаның айтуынша, киіз өнімдеріне ұйымдардан да тапсырыс түседі. Мысалы, ерекше балаларға арналған ұйым шеберлік сабағын өткізуге шақырған. Көрмеге қойылған төсенішті жасауға 12 сағат кеткен, бағасы — 250 мың теңге.
Тағы бір залда су, жер, топырақ және Каспий проблемаларына арналған көрме ұйымдастырылған.
Атыраудағы мұнай өндіру аймақтарында жүргізілген далалық зерттеулерге негізделген мультимедиялық инсталляция ұсынылды. Бір бұрышында топырақ үлгілері мен құлаққаптар қойылған.
— Топырақтың астына орнатылған динамиктерден жазылып алынған дыбыстар шығады, — деп түсіндірді хаб өкілі Абай Тағыберген.
Ал жасанды интеллект бөліміне мектепке қару алып келу қаупін алдын ала анықтайтын жоба қойылған.
Ашылу салтанатына Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің креативті индустриялар департаментінің директоры Айгерім Жонкина, «Креативті индустрияны дамыту қоры» ҚҚ басқарушы кеңесі төрағасының м.а. Лима Диас, сондай-ақ осы қордың өңірлік бағдарламалар және ынтымақтастық департаментінің директоры Ахмеджанов Азамат Жағыпарұлы қатысты.
Хаб өкілі Дәурен Сейтқалиевтің айтуынша, хаб қызметі үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: шығармашылық индустрияларды дамыту, жасанды интеллект және әлеуметтік жобаларды іске асыру және қолдау.
— Біз бұл кеңістіктің дизайнерлер, бағдарламашылар, кәсіпкерлер және шығармашылық мамандар бас қосатын орынға айналғанын қалаймыз. Мұнда білім беру бағдарламалары, мастер-класстар және бірлескен жобалар өтетін болады, — деді ол.
Бұл ғимараттың тапсырыс берушісі — қалалық құрылыс бөлімі, ал мердігері — «БатысСтройСервис» ЖШС.
Орталық 192 орынға есептелген. Құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталып, 2026 жылдың қаңтарында аяқтау жоспарланған. Алайда нысан 2026 жылдың сәуір айында ашылды. Жобаның жалпы құны — 1 млрд 41 млн теңге.
Орталықтың залдары мен оқу аудиторияларында барлығы 192 орын қарастырылған. Сонымен қатар орталықта коворкинг-кеңістіктер, подкаст жазуға арналған студия, 20 орындық буфет, 32 орындық шағын зал, 80 орындық үлкен зал, 19 орындық конференц-зал және әрқайсысы 16 адамға арналған бес оқу кабинеті жұмыс істейді.
Бірақ орталыққа келушілерді қабылдау уақыты мен санаттар бойынша ретттеу жағы айтылмады.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау -10 









