Атырау, 10 сәуір 03:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 479.82
€ 559.90
₽ 6.15

Жилгородок көпіріндегі шұңқырлар уақытша демеуші есебінен жамалады

114 рет қаралды

Атырауда Тұрғындар қалашығы мен Авангард ықшамаудандарын қосатын көпірді жөндеу жұмыстары жексенбі, 12 сәуірде басталады.

Жөндеу жұмыстары демеушінің қаражаты есебінен жүреді.

Қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижанның сөзінше, көпірді жөндеуге жеке кәсіпкердің өзі ұсынған. Оның қанша қаржы бөліп отырғаны айтылмайды. Бірақ, көпірдің үстіндегі қауіпті, шағын шұңқырларды уақытша бітеу жұмыстары қарастырылған.

Ал толық жөндеу қала бюджеті есебінен биыл жоспарға енгізілген. Сәуірдің басында бұл жұмыстар бойынша тендер жарияланған. Мердігер осы айдың 20-сына қарай анықталуы тиіс.

- Конкурс қорытындысы шыққаннан кейін қала бойынша барлық жоспарланған жолдарды қалпына келтіру, соның ішінде шұңқырларды жөндеу жұмыстары кешенді түрде жүргізіледі, - дейді Е.Қалижан.

Жилгородок көпірі 2008-2010 жылдары салынған. Жалпы ұзындығы-246,6 метр, жолдың ені - 14 метр.  

Ал Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Қуанышбек Қабдығали биыл қаланың оң жақ және сол жақ жағалаудағы 100-ден аса көлік жолын екі кезеңмен жөнделетінін мәлім етті. 

Нақтырақ айтқанда, шұңқырларды бітеу жұмыстары. Сол жақ жағалаудағы 17 мың шаршы метр жолды жөндеуге - 226 млн теңге, оң жақ жағалаудағы 35 мың шаршы метр жолды 442 млн теңге бөлінген. Барлығы – 670 млн теңгеге жуық.

Қаланың ортасын бөліп тұрған Жайық өзенінің ар жақ, бер жағындағы көлік жолдарының шұңқырын бітеуге екі мердігер тартылмақ.  

Жилгородок көпірін толық жөндеу жұмысы  оң жақ жағалаудағы көшелердің шұңқырын жамауға жауапты деп танылатын мердігерге жүктеледі.  

- Біз жол сапасы бойынша халықтың арыз-шағымын жинақтадық. Күн жылынған соң жолдардың шұңқырын жамау жұмыстарына тендер жарияладық. Шұрық-тесік Жилгородок көпіріне қатысты резонансты да ескеріп, жолдағы қауіпсіздікті қамту үшін Азамат деген кәсіпкер жігіттің көпір үстін өз күшімен жамап берейін деген ұсынысын қабыл алдық. Бүгін, ертең жаңбыр көрсетіп тұр. Жексенбі күн ашық, кейін тағы жаңбыр көрсетіп тұр. Ауа райына қарап, жұмысты жалғастырар, - деді Қ.Қабдығали.  

Ол тілшінің «жыл сайын жамалатын жолдар неге жиі тесіле береді, жұмыстың сапасыз жүргені ме бұл?» деген сауалына мәселені жұмыстың сапасыздығынан емес, Атыраудың ауа райынан көретінін айтады. Әріптестері үнемі айтатын себеп - жері сортаң, тұзды аймақтағы жауын-шашын немесе су деңгейінің жоғары көтерілуін айтып отырған болуы керек.

- Мәселен, биыл жамалған жолдың басқа жері тесіліп, ойық пайда болады. Жамаған жер емес, басқа жерінен тесіледі. Ал жұрт оны «былтыр ғана осы жерде жөндеу жүріп еді ғой» деп түсінбейді, - деді.

Осы орайда бас маман соңғы үш жылда орталық көшелерге көңіл бөлініп жатқанын айтып, тұрғындардан биылғы жөндеу жұмыстары кезінде түсіністік танытуын сұрады.

Қалада жол жөндеу жұмыстарына тұрақты қатысып отырған ірі жол мердігерлері бар. Атап айтқанда, олар - АтырауИнжСтрой-АИС, КазСервисГрупп, BI Group холдингіне қатысы бар «Казахдорстрой», МКДСМ (Мангистауский комбинат дорожно-строительных материалов) компаниялары. Бұдан бөлек, былтыр бірінші рет жол тендеріне қатысып, жұмыстарын жүргізген екі мердігер бар - «ДостыкСпецТранс» и «Нефтестроймонтаж».

Бірқатар мердігер көктем шығысымен жұмыстарын жалғастырып кетті.  

Айнұр САПАРОВА

Кеше, 22:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.