Атырау, 9 сәуір 18:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 475.31
€ 555.54
₽ 6.05

«Атырау–Индер» жолы: асфальтсыз қалған учаске екі жылдан бері жөнделмей тұр

95 рет қаралды

117–167 шақырымдағы жол учаскесін жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталған еді. Алайда ескі асфальт жабындысын алып тастағаннан кейін жұмыс іс жүзінде тоқтап қалды. Трассаның бір бөлігі әлі күнге дейін асфальтсыз қалып отыр, ал Индер ауданының тұрғындары жөндеу жұмыстарының аяқталуын екі жылдан бері күтіп келеді.

2024 жылы осы жолдың орташа жөндеуін конкурста «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС жеңіп алды. Келісімшартқа сәйкес, сол жылы ЖШС 25 шақырымның жұмысын аяқтап тапсыруы тиіс еді. Алайда ескі асфалт жабындысын қырып тастаумен шектеліп, жұмыстары өнбей, қайта-қайта кідіріске ұшырап, ақырында із-түссіз жоғалып кетті. 

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 18 шақырым жолдың негіздемесі ғана ішінара нығайтылған. Бұл үшін ресайклинг әдісі қолданылып, құрамына цемент пен стабилизатор қосылған. Кейіннен ірі түйіршікті асфальт төселген. Бұл жұмыстарға 1,9 млрд теңге жұмсалыпты.

Индер ауданы тұрғындарының айтуынша, бұл жол учаскесінде тек бір қабат асфальт төселген, оның өзі тесіле бастаған. Ал екінші қабат мүлде төселмеген. Оның үстіне қырып тастап кеткен жеті шақырым жолдың азабын екі жылдан тартып келеді, шұрқ-тесік, жайрап қалған. Соның салдарынан қаншама жүргізуші көліктерін соғып алып зардап шекті, қаншама рет жол апаты болды. Бүгінде ауданның төрт ауылы осы азапты жолмен жүріп жатыр.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев, мердігер келісім шартта көрсетілген міндеттемелерді мерзімінде орындамаған. Қанша рет ауызша ескерту де, жазбаша хат та жазылған. Айналғанда 2025 жылдың 31 қазанынан бастап басқарма келісім шартты біржақты бұзды. Бірақ мердігер келісім шарттың бұзу талабымен келіспей, басқарманы сотқа берді. Бүгінде бұл сот процесінен мердігер жеңіліп, біржақты бұзу талабы күшіне енген.

Ал 2025 жылы басқа мердігер - «МаңғыстауЖолҚұрылысМатериалдарКомбинаты» (ММК) ЖШС «Атырау-Индер» жолының 67-117 шақырым жолды орташа жөндеу жұмысын сапалы, әрі дер кезінде атқарып шыққан болатын. 

Компания директоры Асан Идранов биыл өткен жылғы жұмысыты жалғастыру жоспарланғанын айтты. Бірақ алдыңғы мердігер жұмысын жасамай кеткен жеті шақырым жолды бітіріп беруге шешім қабылдаған. Бүгінде серіктестік баламалы жол жасаумен айналысуда, яғни көлік кідірісі мен қатынасын бодырмау үшін. Үш күн болды осы жұмысты бастап кеткен. Оның айтуынша, өткен жылы жасаған жұмыстың қаржысын алған, бастысы - жұртшылықтың ренішін туғызбай, жұмыстарын жүргізу.

Жалпы ұзындығы 170 шақырымды құрайтын жол жұмысы жалғасатын болды. 2026 жылы 67-167 жолының орташа жөндеуіне 1,5 млрд теңге бюджеттен бөлінбекші.  

Ал бұдан екі жыл бұрын болған су тасқыны кезінде алты көпірдің біреуінен басқасы қалпына келтірілген болатын. Осы жолдың бойындағы бір көпірге жобалау сметалық құжаттамасы дайындалып, бүгінде мемлекеттік сараптамадан өтуде. Басқарманың мәліметінше оң қорытындысы алынғаннан кейін қаражат сұратылмақшы.    

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бүгін, 16:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.