
Атырау қаласында субұрқақтар кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлауынша, бүгінде қаладағы 45 субұрқақтың бірқатары жұмысын бастады, ал толықтай 15 сәуірде іске қосылады.
Қазір нысандарды маусымға дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Субұрқақтар тазартылып, жуылып, техникалық тексерістен өтуде.
Мамандардың мәліметінше, су сапасын сақтау үшін арнайы химиялық қоспалар қолданылады. Субұрқақтарға берілетін су барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып «Атырау су арнасы» мекемесінен алынады. Су тазалығын қамтамасыз ету үшін реагенттер екі күн сайын қосылып, айына екі-үш рет толық тазарту жұмыстары жүргізіледі.
Субұрқақтар күн сайын сағат 08:00-ден 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Жазда құрылғылардың қызып кетпеуі үшін түскі уақытта шамамен бір сағатқа уақытша тоқтатылады.
Субұрқақтарды күтіп-ұстаумен айналысатын «Ибраһим» мекемесінің өкілі Амандық Сәлімгереев тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Оның айтуынша, субұрқақтарға түсуге және ішінде жүгіріп ойнауға болмайды. Сонымен қатар балаларды қараусыз қалдырмау, электр құрылғыларына жақындамау және субұрқақ суын тұрмыстық мақсатта пайдаланбау қажет екенін ескертті.
Бұған дейін АЖ 2026 жылы бюджеттен субұрқақтарды күтіп-ұстауға қанша қаражат бөлінгені туралы хабарлаған еді.
В Атырау -10