
Атырау облысында 2026 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мен кәсіпкерлікті дамытуға 102 жобаны қаржыландырып, жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, қосымша 3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаржы есебінен тағы 163 жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі бар.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Азат Қапановтың айтуынша, өткен жылы бұрын берілген микрокредиттердің қайтарылған қаражаты есебінен револьверлік қаржыландыру тетігі іске қосылды. Нәтижесінде 6 ауыл шаруашылығы кооперативі мен 5 жеке кәсіпкер қаржыландырылды.
Атап айтқанда, Жылыой ауданындағы «Шоқпартогай» кооперативі мал басын көбейтуге берілді. Қызылқоға ауданындағы «ІҢКӘР» кооперативі 3 трактор сатып алды. Ал Құрманғазы ауданындағы «SAIFULLAH-PRODUCTION COMPANY» кооперативі құрама жем өндіру жобасын жүзеге асырып келеді.
Сондай-ақ Махамбет, Индер және Мақат аудандарындағы кооперативтер ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, мал шаруашылығын дамыту және азық-түлік өндірісін жолға қою бағытында қаржыландырылды.
Бағдарлама ойдағыдай іске асса, ауыл экономикасын нығайтуға және өңірде қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді деп күтіледі.
В Атырау -10