
Орынбор облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі қайта көтеріліп жатыр. 2 сәуірдегі мәліметке сәйкес, Орынбор қаласында өзен деңгейі тәулігіне 32 см өсіп, 501 см-ге жетті. Ілек қаласында да 22 см көтеріліп, 419 см болды. Ал Орск қаласында көрсеткіш өзгеріссіз қалып, 190 см деңгейінде тұр.
Сонымен қатар Ириклин су қоймасына келіп жатқан су көлемі төмендеді: секундына 1075-тен 800 текше метрге дейін азайды. Қоймадан су шығару көлемі секундына 60 текше метрді құрайды. Жоғарғы бьефтегі су деңгейі Балтық жүйесі бойынша 241,74 метрге жетіп, қалыпты деңгейден 3,26 метрге төмен.
Орынбор билігі жағдайды бақылауда екенін мәлімдеді. ТЖ басқармасының басшысы Марсель Серазетдиновтің айтуынша, соңғы болжамға сәйкес, Жайық өзені Орынборда 600 см-ден аспайды. Бұған дейінгі болжамда шекті деңгей 700 см деп көрсетілген еді.
Бұл динамика Қазақстан үшін де маңызды, себебі Жайық — трансшекаралық өзен. Сондықтан Орынбордағы су деңгейіндегі өзгерістерді еліміздің батыс өңірлері жіті қадағалап отыр.
В Атырау -10