Атырау, 1 сәуір 01:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 478.77
€ 548.62
₽ 5.87

Атырау мұнай өңдеу зауытына 520 млн теңге айыппұл салынды

119 рет қаралды

Экология департаментінің жоспардан тыс тексеруі барысында кәсіпорында табиғат қорғау бойынша бірқатар елеулі заңбұзушылықтар анықталды.

Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхаметовтің айтуынша, айыппұл сомасы толық өндірілген.

Тексеру барысында рұқсатсыз алау шығарындылары және көп көлемде ағынды сулардың заңсыз төгілуі анықталды.

Атырау облысы экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтің айтуынша, желтоқсан мен қаңтар айларында зауытта технологиялық ақаулар орын алған. Апаттық жағдайдың алдын алу үшін кәсіпорын ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғысының алау жүйесі арқылы шығарындыларды жүзеге асырған, алайда оған экологиялық рұқсат болмаған. Бұдан бөлек, ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысында нормативтік құжатсыз газ жағу фактісі анықталған.

Тексеру барысында «Сасықсай» булану алаңына қатысты бөлек заңбұзушылық анықталды. Экологтар диаметрі 500 мм жасырын құбыр арқылы ағынды сулардың ашық жерге төгілгенін тіркеді. Департаменттің дерегіне сәйкес, бір учаскеде 20 мың текше метрден астам, ал екіншісінде шамамен 24 мың текше метр ағынды су төгілген. Бұл аумақтың жалпы көлемі үш гектарға жуық.

Департамент атап өткендей, анықталған заңбұзушылықтар жүйелі сипатқа ие – мұндай фактілер бұрын да тіркелген. Кәсіпорынға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

Асқар Жүсіповтің айтуынша, түпкілікті шешімді сот қабылдайды. 

«Ақ Жайық» бұл жағдайға қатысты түсініктеме алу үшін экология департаментіне жүгінді. Департамент өкілдері айыппұл туралы қаулының әлі заңды күшіне енбегенін хабарлады.

Атырау МӨЗ баспасөз қызметі айыппұлды алғанын растады, бірақ кәсіпорын экологиялық заңнаманы бұзды деген айыптаулармен келіспей, апелляция бергенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, 25 қаңтарда Алғабас ауылындағы «Сая» бау-бақша қоғамының тұрғындары ауадағы өткір иіске шағымданған еді. Мониторинг нәтижесінде Мирный, Водник және «Сасықсай» булану алаңдарында күкіртсутек пен көміртек тотығының концентрациясы рұқсат етілген нормадан асып кеткені анықталды.

«Қазгидромет» филиалының дерегіне сәйкес, 19–25 қаңтар аралығында Атырау МӨЗ маңындағы күкіртсутек концентрациясы рұқсат етілген нормадан 36,3 есеге дейін асып кеткен. Тасқала ауылында бұл көрсеткіш 17,5 есеге, ал зауытқа іргелес аумақта 15 есеге жеткен. Химпосёлок ауданында да дәл сондай – 36,3 еселік артық концентрация тіркелген.

Айта кетерлігі, кәсіпорынның өз зертханасы 25 қаңтар күні ауадағы нормадан асқан көрсеткіштерді тіркемеген.

Бұған дейін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ерболат Омаров кәсіпорынға санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін 6 млн 920 мың теңге көлемінде айыппұл салынғанын хабарлаған еді. Алайда зауыт бұл шешіммен келіспей, сотқа шағым түсірген. Қазіргі таңда апелляциялық процесс жалғасып жатыр.

Айнұр САПАРОВА

Кеше, 23:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.