
Атыраудағы Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебінде буллингке қатысты жарияланған ақпараттан кейін оқу орны ресми түсініктеме берді.
Еске салсақ, 13 наурызда 9-сынып оқушысы 8-сыныптағы қызға өткір затпен шабуыл жасап, ол мойын, кеуде тұсы және қолынан жарақат алған. Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 3-бөлігі бойынша — кісі өлтіруге оқталу дерегімен қылмыстық іс қозғалды.
Бұған дейін күдіктінің анасы ұлының бірнеше жыл бойы сыныптастарының тарапынан буллингке ұшырағанын айтқан еді. Алайда мектеп әкімшілігі бұл нұсқаны қолдағы деректер растамайтынын хабарлады.
«Маңыздысы — балалар бұрын таныс болмаған, әртүрлі сыныптарда және әртүрлі ауысымда оқыған. Осыған байланысты аталған қыз тарапынан бұл балаға әдейі буллинг жасалды деуге дәлел жоқ», — делінген ресми мәлімдемеде.
Мектеп басшылығы барлық мән-жай ресми тергеу барысында анықталатынын, ал әкімшілік уәкілетті органдармен тығыз жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар BINOM мектебінде буллингтің алдын алу және анықтау жүйесі бар екені айтылып, бұл жағдайда мұндай белгілер байқалмағаны атап өтілді.
Оқу орны тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау -10