Атырау, 31 наурыз 14:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 481.54
€ 553.24
₽ 5.93

Атырауда «лас жаңбырдан» кейін тұздардың күрт өсуі анықталды

98 рет қаралды

25 наурызда қалада жауған құм аралас жауын жоспардан тыс зертханалық талдау жасауға себеп болды. Нәтижесінде тұздардың мөлшері бұрынғы айларға қарағанда әлдеқайда көп болып шықты.

Жауын жауған күні  Атыраудағы «Қазгидромет» филиалының мамандары жоспардан тыс сынама алды. Ал зертханалық талдауды қоршаған ортаны бақылауға арналған кешенді зертхана өз аккредитациясына сәйкес жүргізді.

Жарияланған деректерге сәйкес мынадай көрсеткіштер алынған:

  • pH — 7,0
  • Хлорид-ион — 20,5 мг/дм³
  • Сульфат-ион — 2,603 мг/дм³
  • Гидрокарбонат-ион — 78,08 мг/дм³
  • Кальций — 18,2 мг/дм³
  • Магний — 7,05 мг/дм³.

Бұл деректерді «қалыпты» немесе «шамадан тыс» деп бағалау мүмкін емес. Себебі қолданыстағы санитарлық ережелерде атмосфералық жауын-шашынның химиялық құрамына қатысты шекті рұқсат етілген концентрациялар көрсетілмеген.

Атырау филиалының «Қазгидромет» кешенді зертханасының басшысы Әсем Мұратуллина жауын суына жасалған талдау нәтижелерін түсіндірді. 

- Қолданыстағы нормативтік құжаттарда атмосфералық жауын-шашынның химиялық құрамына қатысты ШРК көрсетілмеген. Сондықтан алынған нәтижелерді тікелей бағалау мүмкін емес, – деді ол.

Экобелсенді әрі облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин наурыздағы көрсеткіштер мен алдыңғы айлардағы деректер арасындағы үлкен айырмашылыққа назар аударды. Оның айтуынша:

  • Хлоридтер шамамен бес есе артқан — 4,4-тен 20,5 мг/дм³-ке дейін.
  • Кальций алты есе көбейген — 3,2-ден 18,2 мг/дм³-ке дейін.
  • Магний он бір есе өскен — 0,6-дан 7,05 мг/дм³-ке дейін.
  • Сонымен қатар сульфаттар мен гидрокарбонаттар да жоғарылаған.

«Жаңбыр суына қатысты ШРК көрсетілмегенімен, тұздардың күрт артуын елеусіз қалдыруға болмайды. Олар ауада ұсақ аэрозоль түрінде қалып, кейін қайтадан шаңға айналып тыныс жолдарын тітіркендіреді. Бұл бронхит, ларингит, фарингитті қоздырып, демікпесі бар адамдардың жағдайын ауырлатуы мүмкін. Сондай-ақ аллергиялық реакциялар мен жалпы ағзаға теріс әсер ету қаупі бар. Бұдан бөлек, топырақтың тұздану қаупі де алаңдатады», – деп жазды Хайруллин.

Оның айтуынша, магний, кальций және хлоридтердің күрт өсуі теңіз тұздарының бар екенін көрсетеді. Оның болжамына сәйкес, қатты жел Каспий теңізінің құрғаған бөліктерінен тұзды шаңды көтеріп, ол кейін жаңбырмен бірге түскен болуы мүмкін.

«Бұл құбылыс Каспий теңізі таязданған сайын жиілей түсуі мүмкін», - деп түйіндеді депутат.

Бұған ұқсас құбылыстар бұрын Арал теңізінің құрғаған түбінде байқалған. Сол жерде тұзды шаңды жел көтеріп, ол алыс аймақтарға тарайтын.

Қорытынды бағалау гидрогеологтар мен экологтардан құралған жұмыс тобының қосымша зерттеулерінен кейін жарияланбақ.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 12:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.