
Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлер жазаланды.
Атырау облысында халықтың азық-түлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік маңызы бар тауар бағасына бақылау күшейтілді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері делдалдық қызметті қадағалау жөніндегі комиссия 12 отырыс өткізген. Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке белгіленген 15 пайыздық шектен артық үстеме баға қосқан 18 көтерме жеткізуші анықталды.
Оларға заңға сәйкес айыппұл салынды. Сонымен қатар, мониторингтік топ кәсіпкерлерге заң талаптарын түсіндіру және жауапкершілікті арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.
Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрдәулет Жұмаситов: «Әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг жүргізіп, нарықтағы бағаның тұрақтылығын қатаң бақылауға аламыз», – деп мәлімдеді.
В Атырау -10